Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін деген көңіл жұбатпайтын болжам жасады. Президенттің бұл сөзі неге негізделді? Сарапшының пікірін сұрап көрдік.
Саясаттанушы Айбар Олжаевтың пікірінше, Қазақстан экономикасына әлемдік экономикадағы рецессия (Рецессия — экономика циклінің (конъюнктура) бумнан немесе ұзақмерзімді дамудан кейінгі депрессияға ұласатын бір фазасы — Ред.) әсер етеді. АҚШ пен Қытай сияқты алпауыт елдер қазірден рецессияға дайындала бастады.
Әлемдік экономиканы рецессия күтіп тұр. АҚШ пен Қытай рецессияға дайындала бастады. Демек, ірі экономикалар бәсеңдесе, мұнай бағасы түсуі, акциялар нарығында кризис болып, котировкалардың құлауын көруіміз мүмкін. Ол геосаяси тәуекелдің бел ортасында отырған Қазақстан үшін өте ауыр тиеді. Біздің сыртқы табыс азаяды, ал ішкі шығын артады,
дейді сарапшы.
Мемлекет басшысы үкімет отырысында қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткенін, тіпті, мүшкіл халде екенін, мұндай жағдайлар бәрімізге қауіп төндіріп отырғанын айтқан болатын. Осының салдарынан келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін деп болжады. Айбар Олжаевтың айтуынша да, келесі жыл техногенді авариялар жылы болуы әбден мүмкін.
Инфрақұрылым, ТЭЦ, құбырлар, бәрінің тозығы жетті. 30 жыл бойы ештеңе ауыстырылмаған. Сондықтан 2023 жыл біз үшін техногенді авариялар жылы болуы ғажап емес. Оларды ауыстыру, жөндеуге қыруар қаржы кетеді. Ал үкімет резерві оған жетпейді. Ақшаны қайдан аламыз? Бұл үлкен сұрақ,
дейді Олжаев.
Сондай-ақ, сарапшының болжауынша халықтың табысы азайып, шығыны көбейеді. Бұған инфляцияның сарқыншағы әсер етеді.
Егер инфляция тоқтамаса, онда халық өз табысының қазіргідей 53% емес, барлық 80 пайызын тамаққа жұмсайтын болады. Онда тегіс Қазақстан халқы кедейленеді деген сөз. Оның арты әлеуметтік шиеленістерге ұласуы мүмкін. Үкімет айлықты көтеруге мәжбүр болады. Бірақ ненің есебінен? Бізде ақша жоқ,
деп көңіл көншітпейтін болжам жасады саясаттанушы.