Сәуірдің 10-ы күні Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдына мұнай кәсіпшілігіне қызмет көрсететін мердігер «Берәлі Маңғыстау» компаниясының 100-ге жуық бұрынғы жұмысшысы жиналды.
Ер азаматтар Астанаға Жаңаөзеннен келген. Олар шарасыздықтан жолға шыққан. Айтуларынша, «Берәлі Маңғыстау» компаниясы тендерде жеңіліп, барлығы жұмыссыз қалған.
Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етеді. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деп, таңды сол жерде атырды.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы наразыларға жалақыларын сақтай отырып, Кезби және Ai-Bis компанияларынан жұмыс ұсынған. Бұл екі компания тендерде жеңген. Алайда наразылар бұл ұсынысқа келіспей, «тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек» деген еді.
«Жұмысшылар 700 мың теңге айлыққа көнбей отыр» деген ақпарат тарады. Алайда мұнайшылардың өзі мұны жоққа шығарды. Оларды доп секілді әр жаққа домалатып отыр. Өтірік уеде беріп, дені дұрыс жұмыс ұсынбаған. Алатын жалақылары – орта есеппен 300 мың, ары кеткенде 400 мың теңге. 700 мың болса, шеруге шықпас едік дейді олар.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талабы әлі айқын еместігін алға тартты.
Менің түсінігімде бұл акция елді дүрліктіріп, көптің назарын аудару үшін, сондай-ақ мемлекеттік орган қызметіне кедергі келтіру мақсатында өткізіліп отыр. Өйткені біздің қызметкерлер министрлік алдына өте көп адам жиналғандықтан жұмысқа кіре алмай отыр. Біз ашық диалогты қолдаймыз. Қолымыздан келгенді жасадық.
Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.
Тендерден ұтылған компания қайтадан ұтып шығуы мүмкін емес. Жай ғана талап ету мәселені шешпейді. Оларға қолда бар бос жұмыс орындарын ұсынып отырмыз. Бәрі заң аясында қарастырылып жатыр!
Шерудің екінші күні, яғни сәуірдің 11-іне Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының жанында пикетке шыққан жаңаөзендік мұнайшыларды тәртіп сақшылары ұстады. Тараған бейнежазбадан жұмысшыларды тәртіп сақшыларының қалай күштеп ұстағанын көруге болады. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.
Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.
Астанада мұнайшылар ұсталған соң Жаңаөзенде интернет жоғалып кетті. Мәліметтер бойынша, қалада телефон байланысы да мезгіл-мезгіл үзілген.
Жаңаөзендегі әкімдік ғимаратының алдында ерлер де, әйелдер де, зейнеткерлер, тіпті жасөспірімдер де жерлестерін босатуды талап етті.
Көшеге шыққандарды жаппай ұстау әлі де жалғасып жатқаны туралы видео бүгін пайда болды. Видео авторының сөзінше, 12 сәуір күні таңертең күштік құрылымдар жергілікті тұрғындарды ұстап әкетіп жатыр.
Видео авторы қауіпсіздік қызметкерлері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-де көшеге шыққандарды ұстағанын жеткізді.
Көп ұзамай Маңғыстау облыстық полициясы Жаңаөзенде жолды жапқан тұрғындарды тәртіп сақшылары ұстағанын растады. Ұсталғандар “профилактикалық әңгіме жүргізу үшін” полиция бөлімшесіне әкелінген. Қанша адамның ұсталғаны хабарланбады.
Бүгін, 12-сәуірде мұнайшылар қамаудан босатылғаны туралы ақпарат тарады. Жерлестерінің қолдауына риза болған ер азаматтар вокзалдан бейнеүндеу жолдап, үйлеріне қайтып бара жатқандарын айтты.
Біз дін аманбыз, жігіттеріміз түгел. Ауылымызға аттанамыз. Еш уайымдамай, жұмыстарыңызды жалғастыра беріңіздер. Барша Маңғыстау облысының мұнайшыларына алғысымызды айтамыз.
Бұл ақпаратты «ҚазМұнайГаз» компаниясы растады.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының байланыс тобы мен «БерӘлі Маңғыстау Company» өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы келісімге келді. Ол комиссия бұрынғы қызметкерлердің талаптарын заң аясында шешуге тырысады. Құқық қорғау органдары ұстаған қалған мұнайшылар қамаудан босатылып, Астана уақыты бойынша 8.57-де пойызбен Жаңаөзен қаласына жол жүріп кетті,
делінген хабарламада.
«БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы 10 қызметкері “ҚазМұнайГазбен” келіссөз жүргізу үшін Астанада қалады.