Categories: Білім

ҰБТ, үштік баға, интернет: қазіргі балаларды неден қорғауымыз керек? Психологпен сұхбат

XXI ғасыр – мол ақпарат алып, үйлесімді өмір сүруге мүмкіндік ашқанымен, гаджетке тәуелділікті арттырды. Интернеттегі түрлі-түсті әлемге енген екі буын бір-бірін түсінуден қалды. Нәтижесінде емтиханнан үздік баға ала алмағаны үшін өмірін қия салуға дайын ұрпақ өсіп келеді. Дегенмен, тағы да сол мол ақпарат заманында мұның алдын алу, баланың өз құндылығын бекем етіп тәрбиелеу – ешқашан кеш емес. Балалар клиникалық психологы Айнұр Алдаш осы бағытта өзінің құнды кеңестерін бөлісті.

– Айнұр ханым, жақында БАҚ беттерінен оқыған боларсыз, Көкшетауда қайғылы оқиға болды, колледж түлегі емтиханнан үштік баға алып қалғандықтан өз өмірімен қоштасқан. Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін баланы қалай тәрбиелеу керек? Бағаның маңыздылығын төмендету үшін не айту керек?

– Мұндай жағдайдың ең бірінші профилактикасы – бұл баламен сенімді қарым-қатынас орнату, баламен сөйлесе білу. Қазіргі ата-аналар балаларымен мүлдем сөйлеспейді, балаларының жан дүниесінде не болып жатқанын мүлдем білмейді, сезбейді. Сол себептен баланың өміріне қызығушылықпен қарау керек. Баламның қандай қызығушылықтары бар? Балам қазір немен өмір сүріп жатыр? Қандай кітап оқып жатыр? Соның барлығына қызығу. Бала өзін «мен әке-шешеме керекпін», «мен әке-шешеме құндымын», «маңыздымын» дегенді сезген кезде мұндай трагедиялар аз болар ма еді.

Екіншіден, ата-ана да, бала да баға – бұл тек қана кері байланыс екенін түсініп алу керек. Қаншалықты бала бұл сабақты меңгерді, қаншалықты оны оқыды, белгілі бір деңгейінің көрсеткіші, басқа ештеңе емес. Яғни мектеп бағасы оның тұлғасын анықтамайды. «Сен қандай баға алсаң да біздің махаббатымыз оған тәуелді емес. Сен қандай баға алсаң да біз сені жақсы көреміз, саған сенеміз» осы ойды балаға сіңіруіміз керек.

Сосын баланы тек жетістіктері үшін мақтамай, олимпиадаға қатысты ма, байқауға қатысты ма, соған салған ынта-жігерін да мақтап отыруымыз керек. Біз баланы бес алса ғана, олимпиададан жеңсе ғана мақтаймыз, бірақ сол дайындыққа қанша күш-жігері кетті, соны да бағалап, атап отырған жөн.

Кейбір ата-ананың айтуынша, балаға «Баға үшін оқыма» деп айтсақ та, баға үшін уайымдап жүреді дейді. «Үштік баға алса тіпті трагедия» дегенді айтады. Мәселе басқада болуы мүмкін бе? Ата-ана неден қателесуі мүмкін?

– Бала неліктен нашар бағадан қорқады, бұл — біріншіден, әке-шешесі біреумен салыстырған кезде, яғни ол «баға үшін оқыма», «бізге сенің бағаң керек емес» деп алып, үйде балаларды салыстыруы мүмкін, немесе көршінің баласымен салыстыруы мүмкін. Осындайда балада баға үшін мазасыздық пайда болады.

Екінші себеп, біз баланың инициативасын басып тастаған кезде болады. Яғни «ана жерге барма», «оны істемей-ақ қой», «сенің қолыңнан келмейді» және т.б. үнемі әсіре қамқор болған кезде бала үш алғанға, төрт алғанға қатты мазасызданады.

Тағы бір себебі, ата-ана қанша баға маңызды емес десе де, іштей маңызды екенін сезіп тұрады. Яғни вербально – сөзбен басқа нәрсе айтамыз, невербально (ишара, іс-әрекет) – бағаға тәуелді екенімізді көрсетіп тұрамыз. Бала оның бәрін бейсаналы түрде сезеді, сондықтан ол да бағаға тәуелді болып жүреді.

– Қазір енді ҰБТ тапсыру кезеңі, бұрынғыдай «Алтын белгіні» қорғау керек деген қысым азайғанымен, әлі де үздік оқушы атағын қорғай алмай қаламын-ау деген қорқыныш оқушыларда сақталатыны анық. Уайым деңгейін түсіру үшін оқушыларға қандай кеңес бересіз? Ал ата-аналар қалай қолдауы керек, қандай сөздер айтқаны жөн?

– ҰБТ кезінде балаға көмектесу үшін ең біріншіден, біз өзіміз сабыр сақтауымыз керек. Өйткені бала емтихан тапсырып жатыр, беймаза күй кешуі заңды. Егер біз де сондай мазасыз болатын болсақ, баланың үрейін одан сайын арттырамыз. Тек сабырлы ата-ана баласына тірек бола алады.

Екіншіден, ҰБТ-ға дейін баламен жоспар құрып алған жақсы. Яғни, «Егер дұрыс тапсыратын болсаң сені мына нәрсе күтіп тұр», «Егер дұрыс тапсырмаған болсаң болашағыңа былай әсер етеді» деген сияқты. Барлығын осы ҰБТ-ға тіреп қойып, баланың тағдыры алатын баллына байланысты болатындай ой салып берудің қажеті жоқ.

Керісінше, қажетті балл жинай алмаған жағдайда болашағына түрлі нұсқалар дайындап қойған жөн. Мысалы, шетелде «gap year» деген түсінік бар, бала бір жыл бойы ойланып, дайындалып, нақты қайда түсетінін саралап, тағы емтихан тапсырады. «Бәлкім, осы нұсқаны пайдаланамыз» деп баладағы мазасыздықты басып қойған жөн. Жалпы балада түрлі жоспар болғанда ҰБТ-ның мазасыздығы біраз төмендейді.

– 1 маусым — Балаларды қорғау күні аталып өтеді. Сіздің ойыңызша, ата-аналар балаларды бірінші кезекте неден қорғауы керек? Неге мән беруі керек?

– Ең алдымен қазіргі заманда балаларды гаджетке тәуелділіктен қорғау керек деп ойлаймын. Қазір бала гаджетке телмірген заман болды. Бірақ бұл балаларда ғана емес, ата-аналардың өздерінде де гаджетке тәуелділік бар. Сондықтан ата-ана да телефонда отырады, бүкіл жұмысын телефонда жасайды, бала да телефонда отырады. Ата-ана мен бала арасындағы байланыс үзіледі, бір-бірімен бірге уақыт өткізу қызықсыз болып қалады. Екеуіне де телефонда отыру қызығырақ. Осы өте үлкен проблема.

Екіншіден, осы интернеттің артындағы бүкіл керексіз ақпараттан қорғау керек деп есептеймін. Әрине, гаджет, телефон, компьютер, оның барлығы балаға сабақ оқу үшін, даму үшін керек. Бірақ интернетте өте көп артық ақпарат бар, оның ішінде баланың психикасына пайдалысы да болады, сондай-ақ психикасына сай емес лас нәрселер де көп. Сондықтан ақпаратты сүзгіден өткізіп, керегін алып отыруын бақылауымыз керек.

Сосын балаларды өзімізден де қорғай алуымыз керек. Балаларды ұру, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, тіпті эмоционалды зорлық-зомбылық жасауымыз мүмкін, яғни оларды елемей жазалау тәсілдерін пайдалану. Бұл да баланың психикасына кері әсер ететін жағдайлар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Автобус жүргізушісін ұрғаны 3 адамның өліміне әкелген жігіт сотталды

Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының…

2 дня ago

«Қуандық қажы екен». Бишімбаев бес рет қажылыққа барған

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман әлеуметтік желіде көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап…

3 дня ago

«Имам садақаға түскен ақшаға Lexus алған» дейді

ҚМДБ мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желі қолданушысы Оразбек Садықов тараздық имамның садақаға түскен қаражатқа қымбат көлік сатып алғанын…

3 дня ago

Алматыдағы автобус апаты: Сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзінде Д.Ахмеджанов соңғы…

3 дня ago

Алматы әуежайында Air Astana ұшқышы есірткімен ұсталды

23 сәуір күні Алматы халықаралық әуежайында полиция қызметкерлері Air Astana әуе компаниясының екінші ұшқышы Қазыбек…

4 дня ago

Түркістанда 90 млн теңге қарызы бар қазақ жүр

Ол аздай, оны полиция ұстап алды. Көшелерді патрульдеу кезінде Түркістан қаласының патрульдік полиция қызметкерлері “Қорғау”…

4 дня ago