Бурабай лагерінде қайтыс болған жасөспірімнің ата-анасы әділ тергеуді талап етуде

Блогерлер Щучинскідегі дарынды балаларға арналған «Балдәурен» лагерінде 2008 жылғы жасөспірімнің өлімін әділ тергеуді талап етіп жатыр.

Таяқ жегенін айтпаған болуы мүмкін

Ақтөбенің Хромтауынан 9 қаңтар күні келген 14 жасар Нұрдәулет Манап сол күні түнде анасына хабарласып, «Мен қорқып жатырмын, басым, ішім ауырады» деген. Анасы балаға вожатыйға айтуды сұраған. Бұл баласымен соңғы сөйлесуі болған.

Әпкесі Фаризаның айтуынша, Нұрдәулет намысқой бала. Өзі домбыра үйірмесіне қатысатын, ешкімді боқтамайтын мәдениетті бала. Сол намысқойлығына басып, өзін ұрғанын да айтпаған болу керек дейді.

Блогерлердің жазуынша, түске дейін дәрігері басқаша, вожатыйы басқаша, үшінші тарап басқаша айтқанмен, түстен кейін бәрі бірдей сайраған.

Дәрігерлер бала қатерлі ісікпен ауырған депті. О заманда бұ заман екі сағатта қатерлі ісік анықталып, адам өліп қалушы ма еді? Кімді ақымақ көріп отыр? Экспертизаға кірген жездесі арқасы мен іші көгерген. Соққыдан ішегі жарылып, ішіне қан кетуі мүмкін дейді. Дәрігерлер болса ауырған кезде панкреатин, активированный уголь бердік дейді. Балаға диагноз қоймай, ауруын анықтамай қалай дәрі берген? Анасына неге хабарламаған? Мектебіне неге айтпаған?

деп жазылған блогерлердің өтінімінде.

Блогер Серік Хасеновтың жазуынша, экспертиза жасалмай жатып, Бурабайдағы мәйітін табытқа салып Астанаға әкеліп тастаған, оған қоса мәйітті бальзамдап тастапты.

Ата-анасының, туған-туыстарының келісімінсіз жасалып жатыр бәрі. Ешкімнен рұқсат сұрамаған. Мыналар ойларына келгенін жасап жатыр. Тым құрығанда мәйітіне тыныштық берсеңдерші. Адам осынша жүрексіз бола ма?! Соншама өліп нені жасырып жатқандарыңды кім білсін… осынша безбектегендеріне қарағанда арттарың таза емес… біз күткеннен де сорақы болып шықпасыншы соңы…

деп жазды ол.

Жағдайы күрт нашарлады

Жасөспірімнің анасы Еуразия арнасына берген сұхбатында баласы оған кешкісін хабарласып, ауырып тұрғанын жеткізгенін, ал ертеңінде өлі табылғанын айтты.

Тоғызы күні түстен кейін, балам маған хабарласып, “мама мен қорқып жатырмын, бөлменің есігі жабылмайды, мен жалғызбын” деп айтты. Бұл соңғы сөйлесуім болған. Мен вожатыйды ізде, жүгір, ешкімнен қорықпа дедім. Сол сөйлесіп жатқан  кезде “мама мені шақырып жатыр деді ме, телефонды алып қояйын деп жатыр деді ме” телефон сөніп қалды. Мен Нұрдәулет, деп айқайладым, бірақ телефон сөніп қалды,

дейді Нұрдәулеттің анасы Рахия Кулумгарина.

Нұрдәулеттің анасы баласының денсаулығында ақау шығып, көз жұмғаны туралы хабар алған. Бірақта марқұмның туыстары сап-сау баланың қалайша аяқ астынан көз жұмғанын түсінбей дал. Оқиғаға қатысты лагерь менеджері де түсініктеме берді.

Жай ғана іші ауырды. Ішін ұстап келді. Қажетті дәріні бердік. Жаңадан келгендіктен, балаларда адаптация болады ғой. Суға, климатқа үйренісу болады, солай деп ойладық. Кішкене жақсы болдым деген. Алайда таңғы бесте жағдайы нашарлай басталды. Жедел жәрдем келгенше бала көз жұмды,

дейді Толқын Жүнісова.

Қатерлі ісікпен ауырған

Кейін Ақмола полицейлері жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу амалдарымен бөлісті.

11 қаңтар күні таңғы сағат 06.36 шамасында Бурабай ауданының полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшерінен 2008 жылы туған кәмелетке толмаған баланың оқу-сауықтыру орталықтарының бірінің аумағында қайтыс болғаны туралы хабарлама түсті,

деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі.

Полицияның ақпаратына сүйенсек, бала қан аздықпен ауырған, кіші жамбасында қатерлі ісік болған.

Осы жағдайға байланысты оқу-ағарту министрлігі де түсініктеме берді.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сараптама баланың қатерлі ісікпен ауырғанын көрсетті, оның салдары ішкі қан кетуді тудырған. Құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр,

делінген министрліктің хабарламасында.
Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

2 дня ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

3 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

4 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

4 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

4 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

6 дней ago