Өткеннен сабақ алмайтынымыз өкінішті.
Өткен аптаның жұма күні Оңтүстік өңірде күн суытып, қар жауды. Абырой болғанда, Алматы, Шымкент, Тараз, т.б. қалаларда жылу жүйесі сыр берген жоқ. Бұған да тәубе.
Есесіне, еліміздің өзге өңірлерінде соңғы екі күнде, атап айтқанда, Степногорск, Екібастұз, Ақтау, Балқаш, сондай-ақ, Теміртау, Риддер, Жанаөзен жылу беру жүйелерінде ірілі-ұсақты апат орын алып, ел-жұртты әбігерге салды. Айтпақшы Атырау қаласы сусыз қалғанын көрдіңіздер, деп жазды TengeLife.
Енді осы жерде айтатын бір әңгіме бар. Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. Күн райының болжамын алдын ала білуге болады. Интернетте бір апта, 10 күн, тіпті бір айға дейін күн райының болжамы тұр.
Тиісті коммуналдық-шаруашылық мекемелері, олардың қызметін бақылап отыратын жергілікті әкімшіліктер қайда қараған?
Таяуда ғана Энергетика министрлігінің өкілдері, осы салаға жетекшілік ететін Роман Скляр «бәрі жақсы, қысқа сақадай саймыз» деп баяндаған еді.
Бір қызығы, апат болған аймақтарда, Балқаш, Екібастұз, Ақтау қалаларында жылу беру тоқтатылмайды деп сендіреді жергілікті әкімшілік өкілдері. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, Екібастұз ЖЭО-ның зақымдануы «температураны шамалы ғана төмендетеді».
Ақмола облысының әкімдігі кеше кешке Степногорск қаласындағы барлық жылумен қамту нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Ал Энергетика министрлігі вице-министр Нұрмағанбетовтың отставкаға кететінін растады.
Осы жерде еске сала кетейік, 25 қыркүйекте Энергетика министрлігі Ядролық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Илья Рожков «Екібастұздағы жылу электр стансаларының жылу беру маусымына дайын еместігі» туралы ақпаратты жоққа шығарған еді. «Қажет болса, электр стансасын қазір іске қосуға болады», — дегені есімізде.
Біз осы өткеннен сабақ алмаймыз. Былтырғы Екібастұздағы алапат апаттан ешкімнің сабақ алмағаны өкінішті. Жылдағы жағдай осы.