Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі Катарда өтетін футбодан әлем чемпионатында тыйым салынған нәрселердің тізімін жариялады.
Ескерту парағы жанкүйер болып Катарға баратындарға арналған. Әлем чемпионатына Англиядан 4 мыңдай, Уэльстен 3 мыңдай жанкүйер аттанбақ.
Ұлыбритания СІМ фанаттарды жергілікті әдет-ғұрыпты сыйлауға шақырады: «жұрт көзінше құшақтасып-сүйіспей, ашық-шашық киінбей, мас күйде көзге түспеңдер», депті.
Сонымен қатар, чемоданға зат саларда сақ болу қажеттігін ескертеді. Мәселен, Катар билігі сөмкесінен секс ойыншықтар, порно, алкоголь және шошқа еті табылғандардың басынан сипамайды: ондай жағдайда айыппұл, түрме, тіпті депортация көзделген.

Катар – мұсылман заңдары қатаң сақталатын ел. Алайда әлем чемпионаты үшін арнайы енгізілген «күнә салығының» арқасында фанаттар отыратын аумақтарда жарты литр сыра шамамен 15 евроға сатылады, ал отельдерде сыра құны 91 евроға дейін өсетіні хабарланды. Елде электронды темекі, вейп және ашық киімге қатаң тыйым салынған.
- Катардағы әлем чемпионаты 20 қарашада басталады.
- Уэльс пен Англия АҚШ және Иранмен бірге бір топқа түскен.