Сотталғандармен жұмыс істеудің қиындығын да, қауіптілігін де жазалы жандармен тікелей жұмыс істеп жүргендер жақсы біледі. Қылмыскерлерден қатаң тәртіпке бағынуды талап ете отырып, олардың жан дүниесін түсінуге тырысып, моральдық жағынан қиналған сәттерінде сырласып, көңілін демеп, болашаққа деген сенімін ұштай білу үшін де адам сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек екені даусыз.
Адам қылмысқа әртүрлі жағдайда барады. Біреуі абайсызда қылмыс жасаса, біреуінің бала кезден бойына сіңірген тәрбиесі кемшін болады, енді біреуі ойнақтап жүріп от басқанын да аңдамай қалады. Әрине қылмыстың өтеуі – жаза. Оған дау жоқ. Бірақ біздің міндетіміз – сотталған адам қандай қылмыс жасамасын, оны тәрбиелеуіміз керек. Ғұлама Абай «Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені деген» ғой. Темір тордағы адамды алғашында сол жалғыздықтан алып шығып, дұрыс жолға бағыт беруге міндеттіміз,
дейді Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті № 12 мекемесінің Сотталғандар арасындағы Тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы әділет капитаны Ержан Белдикбаев.

Ержан Дауытбайұлы қызмет өткеретін мекеме қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме. Яғни бұл жерде аса ауыр және ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейді. Қазір бір мыңға жуық осындай сотталғандардың арасында 20 және 25 жылға дейін, тіптен одан да ұзақ мерзімге сотталғандар бар.
Қылмыстық-атқару саласында қызмет ететіндердің қауіп пен қатердің өтінде жүретінін ескерсек, тәрбие жұмысымен айналысатын офицерлер осындай адамдармен үнемі тікелей қарым-қатынаста болады. Олардың әрқайсысының мінез-құлқын зерттеп, қабылет қарымын таразылайды. Сотталғандардың ниетін танып, қауіптің алдын алуда тәрбие саласының маманы тұтастай психологтың да ролін атқарады.
Біздің кейіпкеріміз Ержан Белдикбаев бұл жағынан да сезімтал, тәжірибелі маман. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі еңбек жолын 2010 жылы осы мекемеде бақылаушы болып бастаған Ержан Дауытбайұлы біраз жыл 7252 әскери бөлімнің 2 атқыштар батальонында да бақылаушы қызметін атқарды. Десек те Ержанның ширек ғасырға жуық еңбек өтілінің басым бөлігін осы қатаң режимдегі №12 мекемедегі өтілі құрайды.

Осындай жауапты әрі жүгі ауыр қызметті абыроймен атқарып жүрген әділет капитаны Ержан Дауытбайұлы бақытты да баянды отбасының иесі. Ол жан жары Нұргүл Сағиқызы екеуі алты бала тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя. Адамның тіршіліктегі парызы ұрпақ өсіріп, оларға тәлімді тәрбие беру болса Ержан мен Нұргүл осы парыздарын үлкен адамгершілікпен өтеп келе жатқан жандар. Алты баланың анасы Нұргүл Сағиқызы Алматы облысы Заречный ауылындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі.
Ерлі-зайыпты екеуі де тәрбие жұмысымен айналысады. Нұргүл өскелең ұрпақты елі мен жерінің тарихына тәрбиелесе, Ержан мың соқпақты өмір жолынан өз соқпағын таба алмай адасқан адамдарды қайта тәрбиелеумен айналысады.