Еліміз үшін маңызды жаңалық, көптен күткен жаңалық.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынын биыл қай елде өткіземіз деп, бірнеше ел «біз өткіземіз» деп таласып, ақыры Қазақстанда өтетін болды.
«Ұлы Дала дүбірі» V-Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 2024 жылы қыркүйекте Астанада өтеді екен. Ұйымдастырушылар бүгінгі халықаралық конференцияда бұл туралы маңызды баяндамалар, тұшымды әңгімелер айтты. Ол ақпараттың бәрін қамту мүмкін емес, әрине.
Неге Астанада? Неге басқа жерде емес?
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астанада ұлттық спорт ойындарын халықаралық деңгейде өткізуге мүмкіндік мол, тәжірибе мол. Ондаған елден жүздеген спортшы, мыңдаған турист келеді десек, сол қонақтарды қабылдауға, жайлы жерге орналастырып, оларды тамақтандыруға барлық жағдай жасалған. Бұл дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жүзге жуық мемлекеттен 4 мыңнан астам спортшы, 100 мыңнан астам турист келеді деп болжап отырмыз.
Бұл шараны өткізу үшін арнайы этноауыл құрылады. Этноауылды бір күнде 30 мың адам аралап, тамашалай алады. Ол жерде тек қазақтың ғана ұлттық тағамдары мен қолөнері емес, өзін көшпенді санайтын, осы фестивальге қатысатын бүкіл елдердің өкілдері өз мәдениетімен, ұлттық ойындарымен, ұлттық асханасымен таныстыратын болады. Бұл халықтарды бір-бірімен жақындастыруға, ұлттық спорт түрлерін дамытуға, мәдени интеграцияға өзіндік үлес қосатын халықаралық шара болмақ.
«Ұлы Дала дүбірі» көшпенділер ойынында қазақтың бәйге, көкпар сияқты сан алуан ұлттық спорт түрлерімен қатар, Түркияның, Жапонияның, Францияның, Американың, Аргентинаның т.б. көптеген елдердің төл спорт өнерін көрсетуге мүмкіндік беріледі.
Бұл қазақтың ұлттық спорт түрлерін насихаттауға, дамытуға септігі мол іс-шара болмақ. Сол арқылы туризмді дамытуға мүмкіндік бар.
Бүгінгі халықаралық конференцияның бір ерекшелігі — жиынды ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өзі жүргізіп, өзі модератор болып, қонақтарға сөз беріп, еркін форматта өткізді.
Мен бұған дейін конференцияны өзі жүргізген бірде бір министрді көрмеппін. Әдетте мұндай жиындарда міндетті түрде модератор болатын, ол бірінші болып министрге сөз беретін, министр баяндамасын оқитын да кетіп қалатын. Бұл жолы министр баяндамасын да жасады және осы тақырыпты, осы саланы жетік білетін адам ретінде өзі жүргізді, ел спортына, ұлттық спортқа, туризмге жаны ашитын, ел ертеңін ойлайтын басшы екені сезілді. Министрдің конференцияға тыңғылықты дайындалғанына, тыңғылықты жұмыс істегеніне көңіліміз марқайды. Мұндай қасиет көп министрлерде бола бермейді. Ыңқылдап, мыңқылдап, екі сөздің басын қоса алмай тұрған талай министрлерді көрдік қой,
деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.
