РФ құрамына кіретін Дағыстанда Израильден ұшып келетін ұшақ туралы хабарлама естіген жергілікті тұрғындар Махачкаладағы әуежайды басып алған.
Жергілікті билік жиналған жұртты басуға тырысып, әуежай аумағынан кетуге үндеген. Бірақ тұрғындар израильдіктердің елге келуіне қарсы шығып жатыр. Олар Израильді Палестина халқына зұлымдық жасады деп айыптап, бұл елдің азаматтары елге кіруіне тыйым салынсын деген талап айтқан. Тараған видеолардың бірінде бір топ бір жолаушыны ұстаған, бірақ ол ұлты өзбек екенін айтады.
РФ Тергеу комитеті әуежайды басып алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал әуежай уақытша жабылды. Қазіргі уақытта билік өкілдері жиналған жұртпен келіссөз жүргізіп жатыр. Телеграм-арналар жиналғандардың ішінен үш адам таңдалып, ұшақта израильдіктер бар-жоғын тексеруді талап еткенін жазып жатыр.
БАҚ-та жергілікті тұрғындарды телеграм-арналар арандатқанын хабарлады. Израильдік БАҚ Тель-Авивтен ұшқан ұшақ шын мәнінде Дағыстанда қонғанын, алайда жолаушылар әуежайдың басқа жолымен шығып кеткенін жазды.
Артынша Израильдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесі басшысы ұшақта Израиль азаматы жоғын мәлімдеді.