Сенат депутаты Алтынбек Нұқұлы қазақтың біртуар перзентіне лайықты құрмет көрсету керектігін алға тартып, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын ерекше атап өту керек деген ұсынысымен бөлісті.
Ұшан-теңіз еңбектерін кеңінен насихатттау парыз екенін, энциклопедиясын толықтырып, жаңадан екі тілде шығару керектігін айтты.
Осы мақсатта қажетті қаражат бөлуді сұрады. Сондай-ақ туған елі Павлодар облысының әуежайына ғалымның есімін беруді ұсынды.
Қаныш Имантайұлы 1926 жылдан бастап, Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын зерттеді. Оның тапқан қазба байлықтарынан химия элементтерінің бәрін кездестіруге болады. Ол Жезқазғанда мыс жоқ деген пікірді теріске шығарды.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль қазақ ғалымына қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ бойлы, батыр тұлғалы ма?» — деп сұрапты. Сонда академик Қаныш Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, халқым менен де биік», — деп жауап берген. Иә, ол елін, жерін қазағын жанындай жақсы көріп қана қоймай, оның жер асты байлығын бүкіл әлемге танытты.