«Дикий Арман» деген лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевті қамауда ұстау мерзімі 2023 жылғы 7 қаңтарға дейін ұзартылды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу органдарының Ж.-ке қатысты қамауда ұстау мерзімін 12 айға, яғни 2023 жылғы 7 қаңтарға дейін ұзартуға санкция беру туралы өтініші қанағаттандырылды,
деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Бас прокуратураның мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде Дикий Арман және оның тобында болған адамдар полицейдің қаруын алып кеткен. Оған қоса олар кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 адамды ұрлап, ұрып-соққан. Салдарынан бір адам қайтыс болған.
Бас прокуратура Жұмагелдиевке қатысты рақымшылық қолданылмайтынын баса айтты.