Үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстанның солтүстігіндегі 5 облыстың атауына қатысты пікір білдірген видеосы жарияланды. Бұл туралы Arbat.media порталы хабарлады.
Видео Дінмұхамед Қонаев мәңгілік сапарға аттанар алдында бір жыл бұрын түсірілген. Онда ол Михаил Горбачевтің Қазақстанның 5 облысын Ресейдің жері деп айтқан мәліметін жоққа шығарады.
Кеңес Одағының президенті Михаил Горбачев Қазақстанның 5 облысын Ресейдің жері деп айтқан. Бұл оның тарихты білмейтінін көрсетеді. Біздің тарихшыларымыз оның бәріне баға беріп, көрсетіп кеткен. Бұл қазақтың ата-бабадан мұраға қалған өз жері. Оның айтып отырғаны Қазақстанның солтүстік облыстары,
дейді Қонаев.
Айтуынша, бұған қалалардың ежелгі атаулары да дәлел.
Мәселен, Петропавлды қазақ Қызылжар, Павлодарды Кереку деп атады. Павлодарда Корякин деген саудагер болған. Қазақтар оның дүкенінен керек-жарағын сатып алу үшін барып жүріп, содан Корякин Кереку болып кеткен. Шындығында бұл қаланың атауы Тұзқала. Бұл да қазақтың өз жері. Хрушевтың заманында оның өз бұйрығымен Ақмола облысын Целиноград деп өзгертті. Бұл да қазақтың өз жері,
деп атап өтеді
Қонаевтың пікірінше, Горбачев қазақ жерін Ресейдікі деп тарихты білмегендіктен айтқан. Сол себепті бұл сөзіне қарсымын дейді.
Айта кету керек, бүгін Қазақстанның көрнекті саясаткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 111 жыл толып отыр.