Діндер сьезі бізге не береді? Дін-дін деп, бір отбасы бес дінге, бір халық қырық дінге бөлініп, жеткен жерлерің осы болған жоқ па, деген сауал тастады өзінің фейсбук парақшасында Сәуле Әбілдаханқызы.
«Одан да ауылшаруашылығы мамандарының жалпыұлттық съезін өткізіңдер»,- деп басталады жазбасы:
Ауылшаруашылығы дамыған шет елдерден ғалымдарды шақырыңдар, инвесторларды шақырыңдар. Бұл сала дұрыс жолға қойылса, басқа салалар да бір қалыпқа түседі. Негізгі спикерлер кеңес кезіндегі мамандар (60-80 жас) болсын! Олар ауылшаруашылығын қалай құрып, қалай дамытып, қалай ұстап тұруды кейінгі мамандардан жүз есе артық біледі.
Кейінгі министрлерден бастап, ауылшаруашылығы мамандары өңшең не берері, не алары жоқтар. 1990-2000 жылдары сабаққа бармай, емтиханды, дипломды сатып алған сауатсыздар. Солар әкім болып, министр болып, жер-жерді қалай болса солай сатып, ауылшаруашылығын құлдыратты. Егістік алқаптарын олай сатты, жайылымдық жерлерді былай сатты, алма бақ, жүзімдік, бау-бақшаларға дейін түк қалдырмады. Бір жерді бес адамға сатқан әкімдер қанша. Әлгі бес қазақ алты соток жер телімі үшін бір-бірімен әлі күнге дейін соттасып жүр. Ауылшаруашылығы құлдыраған соң, ауылдар құлдырап, қаңырап, халық қоңыз теріп кетті.
Ауылшаруашылығын дамытуды ең алдымен жерді жергілікті ауыл тұрғындарына теңдей бөлуден, құжаттарын заңдастырып беруден бастаған дұрыс дейді журналист.
Ауылдағы ағайын «пайымыз» бар дейді, ол «пайларының» қайда, қанша екенін де білмейді. Не Госактісі жоқ, не кадастр нөмірі жоқ, не адресі жоқ «пайды» өздері де көрмеген. Әр ауылдың, ауданның екі-үш пысығы бәрінің аузын ұрып, иеленіп кеткен. Тіпті, ауылдағы мыңдаған гектар жерлердің иесі айдалада Астанада, Алматыда отырған дөкейлер. Өтірік отчет тапсырып, миллиардтап субсидия алып, тонаудың сан түрлі схемаларын сызып, бұлжымас системаларын құрып алған…
Жердің игілігін жергілікті халық көруі тиіс. Сонда халық малын да көбейтеді, егінін де егеді, бау-бақшасын да жайқалтады. Ауыл байыса, қаланың да қарны тоқ болады. Шаруашылығы бар тоқ халық Үкіметке де алақан жаймайды.