2022 жылдың алғашқы 8 айында қазақстандықтарға 1,9 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
2022 жылғы тамызда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 244,1 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 74,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 169,9 млрд теңге бөлінді.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны – 2 млн 253 мың адам.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) — 109 224 теңге.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады,
делінген министрлік таратқан хабарламада.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, болмаса мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-іне тең болады. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-іне, ал 30 жыл болса, 94%-іне тең болады. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір ай болады. Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемі мөлшері соғұрлым көп болады,
делінген хабарламада.
Азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.