Апат салдарынан бірнеше көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, бірқатар әлеуметтік нысандар жылудан ажыратылған, 123 тұрғын, оның ішінде балалар эвакуацияланған. Білім беру нысандары қашықтықтан оқыту форматына көшіп, балабақшалардың жұмысы тоқтады.
30 қарашада жылу желілеріне ірі көлемде зақым келтіру, желідегі судың қысымын төмендету және ыстық суды тоқтату фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 254-бабы (қызметтік міндеттеріне селқостық таныту) бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Бұл бап бойынша бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы қарастырылған,
деп мәлімдеді Павлодар облысының прокуратурасы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Павлодар облысы бойынша полиция департаменті, экономикалық тергеу басқармасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық тергеу-жедел тобына жүктелді.
Қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау үшін процессуалдық прокурорлар тобы жасақталды,
деп қосты прокуратурада.
Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында қатты аяз кезінде жылу электр орталығындағы қазандықтар істен шығып, тұрғындар жылусыз қалды. Қалада төтенше жағдай режимі енгізілді.
Бұдан бұрын мәжілісмен Ерлан Саиров Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, олигархтардың жылу электр орталықтарының пайдасын сүліктей сорып, қиын-қыстау күн туғанда проблеманың бәрін мемлекетке ысыра салуына жол бермеу керегін айтқан.