Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000-турнирінің ширек финалына шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Қазақстан теннисшісі үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, америкалық Элисон Рискемен кездесті.
Бірінші партияда Елена 6:2 есебімен басым түсті. Екінші сетте де есесін жіберген жоқ – 6:4.
Осылайша, Елена Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет Цинциннати додасының ширек финалына жолдама алды.
Ол жартылай финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Свентекпен немесе рейтингіде 24-орында тұрған америкалық Мэдисон Киздің біреуімен кездеседі.
Айта кетейік, Қазақстандық теннисші турнирдің екінші айналымда әлемнің 9-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарыстарының екі дүркін чемпионы, испаниялық Гарбинье Мугурусаны жеңген еді. Ал алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 58-орында тұрған мысырлық Маяр Шерифтен басым түсті.