Елімізде баспана алуға арналған бағдарламалар жоқ. Құрылыс материалдары қымбат. Көпшілігі сырттан тасымалданады. Баспаналы болуға арналған жеңілдетілген бағдарлама жоқтың қасы. Бұл туралы Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев айтты.
Ресми деректерге сүйенсек Қазақстанда 19 мың құрылыс компаниясы бар. Оның бүгінгі таңда тек 6 мыңы жұмыс істеп тұр.
Бүкіл жерде сатып алу шарттары азайып жатыр. Мүмкіншіліктер азайып жатыр.
Сондықтан ең маңызды қазіргі мәселе сол мұқтаж боп жүрген азаматтарымызды қаржыландыру. Несие беру. Өйткені олар жалақыдан-жалақыға дейін күн көреді. Жинауға мүмкіншілігі жоқ,
деді Талғат Ерғалиев.
Жылдың басындағы статистикаға қарайық. Алматыда қазір 136 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Олардың көпшілігі Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында бой көтереді. Былтыр 14 мыңнан аса пәтер берілген екен. Енді бұл пәтерлерді кім алып жатыр? Қалталылар іргетасы енді қаланып жатқан үйден бірнеше пәтерді алдын-ала сатып алатыны белгілі. Ал жастарға деп, көпбалалы отбасыларға деп қандай үйлерді беріп жатыр? Оған қол жеткізу айға ұшқаннан қиын. Бітпейтін құжаттарды жинаумен жүретін халық, ертең қолын бір сілетіп жіберетіні бар. Оның талаптары да жеңіл емес. Барлығын шынайы, ашық етіп көрсете, расымен қол жетімді етсе, бөліп-жармай, әр санаттағы халыққа тиесілі бағдарламалар жасаса, мынау көшіп-қонып жүретін 2,5 миллион халық та жағдайын жасап алар еді.
Әттеген-ай.
Ең күйдіретін талаптарының бірі мынау. Бұл талап кез-келген бағдарламада көрсетілген:
Жеңілдетілген бағдарлама арқылы пәтерге қол жеткізгіңіз келсе, жеті атаңызға дейін ешкімде жылжымайтын мүлік болмауы керек. Отбасыңызбен сандалып, қаңғырып жүрсеңіз ғана сізде шанс бар деген сөз.