Павлодарлықтар енді көмірді несиеге ала алады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен қазақстандық банк бірлесіп осындай пилоттық жобаны қолға алды.
Бұған дейін аталмыш жоба Алматы және Қостанай қалаларында іске қосылған еді. Мобильді қосымшада көмірдің қажетті түрін, көлемін таңдауға болады. Онлайн төлем жасаумен қатар, қысқы отынды несиеге рәсімдеу мүмкіндігі де қарастырылған. Айталық, 24 айға дейін несиеге алуға немесе 24 айға бөліп төлеуге болады.
Бұл ретте несиенің пайыздық мөлшерлемесін банк сол адамның несие тарихына байланысты анықтайды. Қосымшаның басым тұсы сол, онлайн алғанда көмірді жеткізушіні іздеу қажет емес.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салхановтың сөзінше, әзірге облыстан бір ғана көмір сататын орын қосымшаға енді. Жақын күндері тағы бір кәсіпорын қосылады.
Жалпы, заманауи шешім қатты отынды тікелей көмір жеткізу орнынан және кезексіз сатып алуға қолайлы. Бұл жүйе тұрғындардың уақытылы жылыту маусымына дайындығын айтарлықтай жеңілдетеді,
деді Ержан Салханов.