Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың мектеп формасы үлкен дауға айналды. Ата-аналардың ең бірінші уәжі – бағаның қымбаттығы. Үш-төрт балаға мектеп формасын алу былай тұрсын, бір баланың өзін мектепке киіндіру ата-анаға мұң болды. Кейбір есептеулер бойынша, ең қажетті киімдер алдық дегеннің өзінде бір балаға кететін шығын – 60000 теңгеден асып түседі.
Министр «бәрі жақсы» дейді
Бұл толқуды біраз болсын бәсеңдетейін деді ме, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осы жақында ұлын мектепке бар-жоғы 35 мыңға киіндіргенін айтты. Киімдерден ол бірнеше ақ жейде, шалбар, костюм, галстук алғанын атап өтті, тіпті чегін де көрсетті. Алайда қырағы жұрт бұл тізімде баланың аяқ-киімі, дене шынықтыру сабағына киетін форма мен мектеп құралдары жоғын байқады. Ал бұларды қосқанда бір баланы киіндіру бұдан екі есеге түсетіні белгілі.

Министр, сондай-ақ, биыл әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мектеп жарағын алуға ақшалай көмек көрсетіле бастағанын да еске салып өтті.
Биыл өте маңызды екі шешім қабылдадық. Бұл мәселені ата-аналар үш жыл бойы көтерген еді. Біріншіден, оқушыларға шақ емес, жеңі салбырап тұратын мектеп формалары таратылатын. Бұл мәселені шешу үшін формаға қажетті қаражатты ата-ананың жеке шотына аударуды ұйғардық. Бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екіншіден, мысалы Солтүстік Қазақстанда былтыр бір оқушыға 17 мың теңге ғана бөлінетін. Кей өңірлерде 20 мың, кей өңірлерде 25 мың теңге беріліп келген. Енді биыл қаражаттың ең төменгі деңгейін 37 мыңға дейін көтердік. Кей өңірлерде, мысалы Алматы қаласында 43 мың теңгеге дейін көбейтілді. Біз мұны қолдаймыз. Бұл шешімдер 475 мың баланың мәселесін шешуге көмектестеді,
деді Асхат Аймағамбетов.
Мектеп формасы заңға сәйкес тігілмейді
Осы шудың толқынында мектеп формасын мүлде алып тастау туралы ұсыныстар да қарша борады. Заңгер Жангелді Сүлеймановтың айтуынша, қазіргі отандық өнеркәсіптер ұсынып жатқан мектеп формалары заңды сақтамайды, яғни 100% таза мақта матадан және жүнаралас матадан тігілмейді.
Заңға сәйкес мектеп формасының маталары ретінде сапалы жүн аралас және мақта мақта, тозуға төзімділігі жоғары, бактерияға қарсы, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады. Мұндай мата баланың денсаулығына зиян келтірмейді. Олар синтетикадан тігілмеуі керек, себебі ол зиян, теріге ауа бармайды. Таза 100% мақта матадан тігілетін форма Қазақстанда жоқ деп ойлаймын! Егер осындай матадан тігілмесе алмаңыз немесе қайтарып беріңіз. Ешбір жерден таппасаңыз мектепке ондай форманы таппадық деп айтыңыз,
деп жазды Жангелді Сүлейманов Фейсбук парақшасына.
Оның пікірінше, мектеп формасы заңға сәйкес тігілуін Оқу-ағарту министрлігі қадағалауы тиіс. Бірақ ол өз міндетін адал атқарып жүрген жоқ, және министр баласына форма сатып алған «Glasman» бренді де бұл талаптарды орындамайды. Өзі зерттеу жүргізіп көргендей, бұл дүкенде сатылатын пиджактың құрамы 35% вискоза және 65% полиэстер, яғни синтетика болып шыққан. Бұдан кейін заңгер министрді заңды білмейтіні үшін отставкаға жіберуді ұсынды.
Қоғам белсендісі Марат Шибутов та мектеп формасының қажеттілігіне күмән келтірді.
Менің ойымша, мектеп формасы аса қажет емес. Бұл біздің жеңіл өнеркәсіпті жұмыспен қамтамасыз етудің бір тәсілі. Міндетті түрде мектеп формасын кию балалар арасындағы әлеуметтік теңдік мәселелерін шешпейді. Бүгінде балалар кімнің бай немесе кедей екенін киімнен басқа да заттары арқылы біліп алады. Мысалы, баланы мектепке қандай көлікпен әкелетіні, қайда тұратыны, смартфоны қандай модель немесе өзімен қанша ақша алып жүреді және т.б. Мұның бәрін мектеп формасы түзетпейді,
деп сенеді Шибутов.
Біз өз кезегімізде мұғалімдердің пікірін тыңдап көрдік. Шымкент қаласының №50-мектеп-гимназиясының оқытушысы Салтанат Байзақтың айтуынша, мектеп формасын алып тастау мәселені шешпейді.
Мектеп формасы керек. «Мектеп формасын алып тастады» дегенді ата-ана өзінше түсінеді. Кейбірі жылтырақ пен қымбат киімді кигізіп жібереді, бала басқалардан ерешеленіп тұрады. «Қызым «әпермесең, мектепке бармаймын» деген соң, бүкіл айлығымды соған жұмсадым, қатарынан қалмасын дедім» деп тағы бір ата-аналар шығады. Ал тағы бірі «жылы, әрі ыңғайлы деп» кәдімгі спорттық киімді кигізіп жібереді.
Бірыңғай форма киім кию мәдениеті қалыптасу үшін де керек. Екіншіден, бұл да тәрбие ғой, өсіп қалған қыз баласы кейде ашық киімді де киіп келеді, ұл баланың назарын еріксіз аударады. Одан соң белдемшенің ұзындығына да қатысты мектеп ережесі бар. Бірақ кейбір қыздар бұл ережені сақтамайды, тым қысқа киіп келеді. Отырғанда тым ерсі көрінеді. Осының бәрін ата-ана ескеруі керек,
дейді мұғалім.
Әріптесін Күлән Нұрмұхамедова да қолдады. Оның айтуынша, бірыңғай мектеп формасынан мұғалімнің көзі шаршамайды, оқушыны басқа балалардан ажыратып тұрады. Форманың өз тәрбиелік мәні бар. Ал матасының сапасы, басқасын әркімнің қаражаты шешуі керек.