Categories: Саясат

Ертең Жолдау. Тоқаев халыққа не дер екен?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы жақындап қалды. Қазақстан халқына арнап, ел дамуының келесі жылға арналған бағыт-бағдарын айқындаушы еді. Бұл жолы ол Жолдаудан не күтеміз, ол құжатта қандай мәселелер қамтылғаны жөн болар еді, деген сауалдың төңірегінде Замир Қаражанов дейтін саясаттанушы ойымен бөліскен екен.

Шынайы реформалар әлі жоқ

Меніңше, президенттің жолдауына 2022 жылдың «басты тақырыбы» – қаңтар оқиғасы мен Ресей мен Украина қақтығысы арқау болады. Өйткені бұл Қазақстанның кез-келген сәтте осал жағдайға тап болуы мүмкін екенін көрсетеді. Қазақстанның ең осал жері ауыл шаруашылығы, азық-түлік пен логистикамен байланысты. Өзімізді өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайтын сорақы жағдайда тұрмыз. Әлемде дағдарыс туындап, тамақ қымбаттап жатқанда біз тамақты сырттан тасимыз. Сондықтан бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше рет ескерту жасап үлгерген Тоқаев өз жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін көтереді.

Қаралы қаңтар елге реформалар қажет екенін көрсетті. Реформалар туралы Тоқаевтың өзі талай айтқанымен, шын реформалар әлі жасалмай жатыр. Тек елдің саяси өміріне елеулі өзгеріс әкелмейтін ұсақ-түйек шаралармен ғана шектелдік әзірге.

Армия, полиция мен сотты жөндеу керек

2022 жылы федералдық резерв жүйесінің әрекеттері мен жаһандық үрдістерге байланысты әлемдік экономикаға рецессия қатері төнді. Бұл мұнайға деген сұранысқа соққы болады. Сұраныс азайып, мұнай арзандаса, Қазақстан бірден үлкен проблемаларға тап болады. Сондай жағдайға қазірден бастап дайындала беруіміз керек. Бюджеттің толығуы да, оның шығындары да мұнай бағасымен байланысты.

2022 жылы біздің құқық қорғау жүйеміз мен қарулы күштеріміздің мүшкіл жағдайда тұрғаны көрінді. Әлемде болып жатқан оқиғалар бұл мәселенің маңызын еселей түсті. Қауіпсіздік кепілдігі сияқты келісімдердің жекелеген елдер үшін көк тиындық құны жоқ екенін көрдік.

Ендеше, Қазақстан қауіпсіздігінің жалғыз кепілі – оның қарулы күштері. Бізге армияны ретке келтіріп, оның қабілетін ұштай беру керек.

Құқық қорғау мен сот жүйесі де түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Тоқаев мұны бұрын да айтқан, бұл жолы да осы мәселеге тоқталуы мүмкін. Өйткені өзгерген ештеңе жоқ: заңдарымызда пәлендей өзгеріс болмады, жекелеген кей баптарды өзгерту нәтиже бермеді.

Бұрын біз Тоқаевтың қолында толық билік болмай келгенін түсінген едік. Қазір биліктің бәрі бір өзінде. Ол үлкен мәселелерді көтеріп, үлкен өзгерістерді талап ете алады. Ал шын өзгерістер бола ма, болмай, оны уақыт көрсетеді.

Біздікі – өткен ғасырдың экономикасы

Тоқаевтың қатысуымен өткен үкіметтің соңғы отырысы тура бұрынғы президенттің кезіндегідей жағдайды еске салды. Аямай сын айтылады, өткір мәлімдемелер жасалады, бірақ ақыр аяғы еш нәтиже шықпайды оның бәрінен. «Баяғы жартас, сол жартас» күйімізде тұрмыз.

Қазақстанға ең алдымен мемлекеттік секторда әкімшілік реформалар керек. Бұл – Қазақстан үшін ең маңызды бағыт. Мемлекеттік қызмет туралы заңды жаңадан жазу қажет, ескі заңымыздың өте нашар екені аздай, ол моральдық жағынан әбден ескірген. Сол себепті біздің елде моральды ескірген мемлекеттік аппарат жұмыс істеп келеді. Тым күрделенген, бір-бірімен қырық жерден байласқан, қаптаған агенттіктер мен қағазбастылыққа батқан. Қазіргі жаңа заманда мемлекеттік аппарат ондай болмауы керек. Әйтпесе бюрократия мен коррупциядан көз ашпайтын күйімізбен әбден артта қаламыз. Заманауи экономика жағдайында мемлекеттің заманауи талаптарына сай келетін жаңа заң керек.

Экономикамызды шалажансар күйге түсірген де біздің осы ескірген мемлекеттік аппаратымыз. Шағын және орта бизнестің үлесі тым аз, есесіне көлеңкелі экономика барынша етек жайған. Мемлекет барлық салаға басын тығып алған, ал квазимемлекеттік сектор бәсекеге мүлдем қабілетсіз. Компания атаулының бәрі шетінен монополист.

Бұл негізі, барлық белгілеріне қарасақ, тура 90-шы жылдардың басындағы экономика. 2022 жылдағы ұсқынымыз осы. Әлем әлдеқашан бізден озып, алысқа кетіп қалған. Қазақстандық экономика бұл түрімен ешкіммен бәсекелесе алмайды, әлемдегі кез-келген дағдарыс бізге он есе болып тиеді. Міне, ескірген мемлекеттік аппаратымыздың бізді әкеп тастаған жері осы,

дейді ол.
Айдын Қайнарұлы

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

3 дня ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

3 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

4 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

4 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

4 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

6 дней ago