10 қазан Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күрес күні. Осыған орай, Еуропа Кеңесі мен Еуропалық одақ Қазақстанның өлім жазасын жою туралы шешімін құптады. Бұл мәлімдеме Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы мен Еуропалық одақтың Жоғарғы өкілі ұйымның сайтында жарияланды.
Біз барлық жағдайда өлім жазасын алып тастаған Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттерді (соның ішінде ЕО мүше мемлекеттерді) құптаймыз… Өлім жазасын әлі де қолданатын мемлекеттер санының тұрақты азаюы осы қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және тиімсіз жазадан бас тартудың жаһандық үрдісін растайды,
деп құжатта жазылған.
Құжатқа сүйенсек, ЕО мен Еуропа Кеңесі Қазақстанның бүкіл әлемде өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялауын жоғары бағалайды.
Еске салсақ, 2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойған болатын.
Ал 2022 жылы 5 маусымда өткен референдумде еліміздің азаматтары Конституцияға өзгерістер енгізуді, оның ішінде өлім жазасын алып тастау туралы бапты бекітуді қолдап дауыс берді.