Еуропарламент депутаттары Еуроодақта 2035 жылдан бастап дизельді және бензинді қозғалтқышы бар көліктерді сатуға тыйым салу туралы келісімді мақұлдады.
Осылайша, Еуропалық заң шығарушылар ЕО елдерін электромобильдерге көшуге ынталандыруға тырысуда.
Еуропарламент атынан өкілдік ететін Нидерланд депутаты Ян Хюйтем және Еурокеңеске төрағалық етіп отырған Чехия Республикасы тиісті келісім жасасты.
Жоба ескі көліктерді пайдалануға және сатуға тыйым салмайды. Сонымен бірге бірқатар еуропалық саясаткерлер, соның ішінде Франция президенттігіне бұрынғы үміткер және Ұлттық раллидің төрағасы Марин Ле Пен бұл ұсынысты сынап, көліктер ЕО-да орташа таптың қалтасы көтермейтін сәнді заттарға айналатынын айтты. Еуропалық халықтық партияның Христиан-демократиялық тобынан еуропалық депутат Йенс Гизеке іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің сатылуының тоқтатылуына байланысты 500 мыңға жуық адамның жұмыстан қуылу қаупі төнетінін ескертті.
2035 жылға қарай ЕО-да сатылатын барлық жаңа автомобильдер мен фургондар ауаға зиянды шығарынды бөлмейді деп күтілуде. Бұл ішкі жану қозғалтқыштары бар көліктерге түбегейлі тыйым салуды білдіреді.