Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Мәртебелі мейманды елорда әуежайында премьер-министр Әлихан Смайылов күтіп алды.
Қысқаша әңгіме барысында үкімет басшысы бұл сапар Астана мен Париж арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенім білдірген.
Естеріңізге сала кетейік, екі елдің көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөздер жүргізеді, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.
Айта кетейік, 2 қараша Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан, ал 3 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері елордаға келеді.