Түркістандық әйел тұрғынды грантқа оқуға түсіріп беремін деп 1,5 млн теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға арызданып келген жергілікті тұрғынның танысы 2021 жылдың ақпанында «оқу орнына грантқа түсіріп беремін» деп сеніміне кіріп, 1,5 миллион теңгесін алған. Алайда түбінде ешқандай оқу да, ақша да жоқ.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Түркістандық тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында іздестіру шараларын жүргізді.
Қажет деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде жұмыссыз әйелді, Кентау қаласының тұрғынын анықтады.
Белгілі болғандай, сезікті әйел алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтап жатыр.