Тбилисидегі екі күндік наразылықтан соң парламентті билеуші партиялар – «Грузия арманы» мен «Халық күші» бірінші оқылымда мақұлданған «шетел агенті» туралы заңды қайтарып алды. Осылайша ел билігі 7-8 наурыз күндері парламент алдына шыққан ондаған мың наразының талабын орындады. Әзірге митинг кезінде ұсталғандардың тағдыры белгісіз. 8 наурыз күні наразылар оларды босатуды талап еткен.
Грузия астанасы Тбилисидегі жаппай наразылық 7 наурызда басталды. Сол күні ел парламенті «Сыртқы ықпалды қаржыландырудың ашықтығы туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты ел арасында «шетел агенті туралы» заң деп атап, Ресейде қабылданған осыған ұқсас заң билік қарсыластарын қудалауда қалай қолданылғаны сөз болды.
Грузия парламентінде 150 депутат бар. «Шетел агенті» туралы заң жобасын 76 депутат қолдады, 13 депутат оған қарсы шықты, 61 депутат қалыс қалды.
Заң жобасы шетелден қаржы алатын барлық жеке және заңды тұлғаны арнайы тізілімге тіркелуге міндеттейтін болды. Оған көнбегендерге ірі айыппұл не бес жылға дейін бостандықтан айырылу қаупі төнді.
Толқу заң жобасы қабылданғаннан кейін бірден басталды. Оппозицияның бірнеше мың жақтасы парламент ғимаратын құрсауға алуға тырысты. Осы заңға бастамашыл болған «Грузия арманы» партиясының депутаттары ғимараттан қақпа арқылы шықпақ болғанда, наразылар оларды бұғаттап, шығармай қойды. Полиция шерушілерге су шашып, көз ашытатын газ қолданды. Ал шерушілер арнайы жасаққа «орыстар!» деп айқайлады.
Сол күні ішкі істер министрлігі 66 наразы ұсталғанын хабарлады. Оларға көбіне кішігірім бұзақылық пен полицияға қарсылық көрсету секілді әкімшілік айып таққан. Билік сондай-ақ полицейге шабуылдау, мүлікті бүлдіру не жою баптары бойыншы қылмыстық тергеу бастады.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, акцияға қатысқандар полицейлерге тас, тез тұтанатын және өткір емес өзге де заттар лақтырған, оларға күш көрсеткен. Полиция 50-ге тарта қызметкері жарақат алғанын хабарлады, бірақ шерушілер арасында қанша адам зардап шеккенін айтпады.