Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) жатақханалардың бірінде түсірілген видеоға қатысты пікір білдірді.
Жақында әлеуметтік желіде ЕҰУ жатақханасының бірінде студенттерге сайлауға қатысуды міндеттеп жатқан қызметкер әйелдің видеосы тарады. Онда әйел ешкімге дауыс бергісі келмесе де, бюллетеньді белгілемесе де, жәшікке бюллетень салуы керек екенін айтқан.
Мұнда учаске болады. Кешке дейін дауыс берулерің қажет. Қалай болса, солай шорты, тәпішке, майка киіп шықпаймыз. Дұрыстап киінеміз. Таңғы жетіден кешкі сегізге дейін сайлау болады. Араларыңда «Мен қалаймын» дейтіндер шығуы мүмкін. Ондай болмауы керек! Сіздер шығып, тіркеліп, бюллетень алып, салуларыңыз қажет. Тіпті бюллетеньде ешкімді белгілемесеңіз де, оны жәшікке салуыңыз қажет. Түсінікті ме?,
деді әйел студенттерге.
https://www.instagram.com/p/CkxLYUwjGq2/?utm_source=ig_embed&utm_campaign=embed_video_watch_again
Университет басшылығы студенттерді сайлауға қатысуға міндеттемейтінін алға тартып отыр. Олардың айтуынша, қызметкер әйел студенттердің сайлауға қатысты сауалдарына жауап берген. Ал киімге қатысты әйел өз кеңесін ғана айтыпты-мыс.
Сайлауға алғаш рет қатысып жатқан және жатақханада тұратын басқа қалалардан келген 1 курс студенттері СМС хабарлама алғаннан кейін дауыс беруге қатысулары және сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша студенттер үйінің оқытушы-ұйымдастырушысына жүгінді. Жатақхана мұғалімі студенттердің сұрақтарына жауап берді, сонымен қатар өз бастамасымен этикеттің сақталуына көңіл бөлуге кеңес берді.
делінген университет басшылығының хабарламасында.
Сонымен қатар университет қызметкермен түсіндірме жұмысы жүргізілгенін айтты.
Университет Қазақстан Республикасы азаматтарының заңмен берілген барлық құқықтарын қатаң сақтайтынын ескертеміз,
деді ЕҰУ.