2023 жылы Қазақстан тұрғындары нансыз қалмайды. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Qazaq.today.
Оның айтуынша, егінді уақытында және сапалы жинап алу – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттердің бірі.
Бірқатар өңірде егін орағы басталып кетті. Үкімет тарапынан қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажет шара қабылданды.
Биылғы жаз жылдағыдан ыстық болғанын да еске салып өтті. Құрғақшылықтан бірқатар өңір зардап шекті. Оларда жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр. Құрғақшылықтың салдарын жою үшін шұғыл шаралар қабылданды. Оның ішінде Үкімет резервінен қаражат бөлінеді.
«Бәйтерек» холдингі құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несиелері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтауы қажет. Жалпы жағдай бақылауда. Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды,
деді Үкімет басшысы.