Президент бүгінде еліміз үшін күрделі мәселеге айналған азаматтардың несие алып, қарызға батып жүргені жанына қатты бататынын жұртшылықпен кездесуінде айтты.
Осыған байланысты жақында шешім жолдарын ұсынатынын мәлімдеді.
Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын,
деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшіден әділ болуды талап етті. Әділетсіз қабылданған шешім биліктің беделін түсіреді. Қоғамға іріткі салып, халықтың наразылығын тудырады. Сондықтан, ешқашан әділдіктен аттауға болмайды. Сонда ғана біз берекелі қоғам, мықты мемлекет құрамыз деп дөп басып айтты.
Шын мәнінде, әділдік болмаса, ешбір сала дамымайды. Халқымыз «Әділ істің – бәрі игі» деп бекер айтпаған. Құзырлы органдар, лауазымды тұлғалар шешім қабылдағанда осыны әрдайым есте ұстауға тиіс,
деді Тоқаев.