HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін қарақалпақ диаспорасының төрт белсендісін Өзбекстанға экстрадицияламауға шақырды.
Жарияланған мәлімдеме авторларының пікірінше, белсенділерге қылмыстық қудалау, азаптау қаупі төнеді.
Өзбекстан билігі шілдеде Қарақалпақстандағы наразылық шеруін басып-жаншу аясында қарақалпақ диаспорасының белсенділерін нысанаға алған көрінеді.
Мира Ритман, Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері
2022 жылғы 13 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қазақстан полициясы Алматыда Өзбекстан билігі халықаралық іздеуге салған қарақалпақ диаспорасының төрт өкілін ұстады. 13 қыркүйекте диссидент-блогер Қошқарбай Төремұратов пен оппозиционер Жангелді Жақсымбетов үйлерінде, 16 қыркүйек кардиолог Раиса Худайбергенова Алматы маңындағы бір ауданда жұмыс орнында ұсталды. Ал белсенді Зиуар Мирманбетованы 4 қазанда үйінен әкеткен.
Олардың әрқайсысына қатысты нақты қылмыстық баптар әлі жарияланбады, бірақ бірнеше процессуал құжаттарын көрген алматылық қарақалпақ диаспорасының белсендісі Ақылбек Мұратовтың айтуынша, ұсталғандарды «мемлекетке қарсы қылмыс жасады» деген айыппен іздеу жариялаған.