Иран соты елде бір айдан астам уақыт бойы жалғасып жатқан наразылық акция қатысушысын өлім жазасына кесті. Бұл — митиңгіге қатысқандарға тағайындалған ең алғашқы өлім жазасы. Сонымен бірге тағы бес адам бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.
Сотталушыға үкімет үйін өртеу, қоғамдық тәртіпті бұзу және «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіру» қылмыстары бойынша айып тағылды. Оған қоса ол Иран заңы бойынша аса ауыр қылмыс болып саналатын және өлім жазасына әкелетін «жемқорлық» және «махоребе» — «Құдайға қарсы соғыс» бойынша айыпталды.
Сонымен бірге Тегеран соты тағы бес адамды бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырды. Олар «ұлттық қауіпсіздікке қарсы қылмыс жасауға сөз байласу» және «тыныштықты бұзу» баптары бойынша кінәлі деп танылды. Дегенмен олардың апелляция шағымын беруге құқығы бар.
Еске салайық, қыркүйекте Иранда полицейлер 22 жастағы Махса Аминиді хиджабды дұрыс кимегені үшін ұстап әкетті. Кейін ауыр соққылардан соң қыз ауруханаға түсіп, қайтыс болды. Бұл оқиға ел арасында үлкен наразылық тудырды. Иранда митиң әлі күнге дейін жалғасып жатыр.