Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясында ресми сапармен жүр. Сапардың бірінші күнінде мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент Ислам даму банкінің басшысы Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен экономиканың түрлі саласындағы бірқатар бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД елдері ішінде Ислам даму банкімен серіктестік бағдарламасын бірінші болып әзірлеген ел екенін еске салды. Алматыда 25 жылдан бері бар аймақтық кеңсе Шығыс Еуропа елдерінде, ТМД елдерінде, Монғолия мен Қытайда банк операцияларын үйлестіреді. Бұл Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы аса маңызды және өзара сенімді қарым-қатынасты білдіреді.
Біз Банктің Қазақстан экономикасына көп жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалаймыз. Ислам даму банкі ынтымақтастық орнатқан жылдар ішінде еліміздегі экономиканың басым секторлары мен әлеуметтік жобаларға 1,6 миллиард доллардан астам инвестиция салды,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әл-Джассер Мемлекет басшысына Банктің инвестициялар саласындағы саясат және алдағы кезеңдегі жоспарлары жөнінде айтты. Оның айтуынша, Ислам даму банкі бизнес, қаржы салаларындағы жобаларға және инфрақұрылым мен коммуникацияларды жаңғыртуға қаражат бөлуді жалғастыруға ниетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясындағы ірі компаниялар басшысымен де кездесті.

Президент Ajlan & Bros Holding Group холдингтік топ басқармасы басшысы Аджлан бен Әбделазиз Әл-Аджланмен және Acwa Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әбунаянмен әңгімелесті.
Сауд Арабиясы Корольдігінің және Таяу Шығыстағы ірі конгломераттың бірі Ajlan & Bros Holding Group Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі екенін хабарлады. Қазіргі уақытта холдинг Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс жобасын пысықтап жатыр.
Мұхаммед Әбунаянмен кездесуде баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері талқыланды. Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің 30%-ін өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Acwa Power компаниясын Қазақстанда жасыл сутегі өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.