Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметте өткен кеңесте халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың хабарлауынша, 2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізде 73,7 млн тонна көмір өндірілген. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ке көп. Көмір өндіруші кәсіпорындардың дерегі бойынша, көмірдің негізгі разрездердегі құны былтырғы деңгейде тұр.
Ал сату орындарында көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін оны үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және автомобиль көлігімен елден тыс жерлерге әкетуді шектеу (6 айға) жөнінде шаралар қабылданды.
Сонымен қатар азаматтарға ыңғайлы болуы үшін көмірді танымал маркетплейстер мен банк қосымшалары арқылы өткізу жолдары пысықталып жатыр. Бұл бағытта еліміздегі ең ірі банктердің бірі Қостанай облысында пилот жобасын іске қосты,
делінген хабарламада.
Премьер-министр бұл тәсіл көмір сатылатын орындарда кезекті азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
Бұл тұтынушыларға қолайлы, өте жақсы цифрлық шешім. Үйден шықпай-ақ көмірге тапсырыс беруге болады. Жергілікті жерлерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет,
деді Әлихан Смайылов.
Кеңес соңында ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көмірді жеткізіп беру мен бөлуді ерекше бақылауда ұстауға тиіс екені ескертілді. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көмірдің бөлшек сауда бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және фактілердің жолын кесу қажет екені айтылды.