Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы басшылыққа қатысты тергеу ісін аяқтады. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
ҰҚК бұрынғы басшылығы құрамындағы Кәрім Мәсімовке, Әнуар Садықұловқа, Дәулет Ерғожинға, Марат Өсіповке және лауазымды адамдар Д.М.Акиповке, Н.К. Бекмұратқа қатысты қылмыстық істі тергеп бітірді.
Бұл тұлғаларға мынадай айып тағылды:
Кәрім Мәсімовтің және Әнуар Садықұловтың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 175-бабы, 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау), 179-бабы, 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);
Дәулет Ерғожин ҚК 179-бабы, 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);
Марат Өсіпов ҚК 362-бабы, 3-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);
Д.М. Акипов және Н.К.Бекмұрат ҚК 362-бабы, 1-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) сараланды.
Қазір күдіктілерге іс материалдары таныстырылып жатыр.
Іс материалдарымен танысу кезеңінде Кәрім Мәсімов пен Әнуар Садықұловты қамауда ұстау мерзімі осы жылғы 6 қазанға дейін, Дәулет Ерғожинның қамауда ұстау мерзімі осы жылғы 13 қазанға дейін және Марат Өсіповтің қамауда ұстау мерзімі осы жылғы 22 қазанға дейін ұзартылды.