Каспий құбыр консорциумы (КҚК) екі жылжымалы айлақтық құрылғысы (ЖАҚ) техникалық ақауға байланысты мұнай тасымалдауды уақытша тоқтатты. Жабдықтардан жарық табылды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
КҚК екі жылжымалы айлақтық құрылғысынан жарық табылып, консорциум мұнай тасымалдауды уақытша тоқтатты.
2022 жылғы тамыз айында ЖАҚ-1 және ЖАҚ-2 жабдықтар кешеніне жоспарлы техникалық қызмет көрсету кезінде су астындағы түтіктерді жүзу танктеріне бекітілген жерлерінен жарықтар табылды. Халық пен қоршаған ортаға қауіп төніп тұрған жоқ. Өйткені жабдықтардың герметикалығы сақталып, мұнай төгілмеген,
делінген хабарламада.
КҚК табылған жарықтарға байланысты кеңес алу үшін ЖАҚ өндірушісі IMODCO компаниясына және құрылғылардың қауіпсіз жұмысын бақылайтын ABS классификация қоғамына хабарласты.
Бұл ұйымдар жүзу танктері ауыстырылғанға дейін ЖАҚ жұмысын тоқтата тұруды табанды ұсынды,
делінген КҚК хабарламасында.
ABS жарықтар әдеттен тыс дауылдар себебінен пайда болуы мүмкін деген болжамын хабарлады. КҚК техникалық тапсырманы әзірледі, енді жүзу танктерін ауыстырмақшы. Қазір олар осы жұмыстарды қабылдай алатын ұйымдарды алдын ала іріктеуден өткізіп жатыр.