Конституция мен өзге де заңдарға сәйкес, президенттің барлық деңгейдегі әкімдерге кез келген уақытта тікелей тапсырма беруге құқығы бар. Осыдан-ақ неғұрлым президенттің билігі көп болса, соғұрлым азаматтардың мемлекеттік саясатқа араласуы қиын болатынын байқауға болады, дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.
Оның пайымынша, Қазақстанның 20 өңіріндегі 12 миллионға жуық азаматты мемлекеттік шешім қабылдауға қатыстырудың ең төте жолы – барлық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлауды енгізу.
Әкімдерді тікелей сайлау қоғамның ауызбіршілігін бұзбайды, керісінше, елдегі саяси өмірді жандандырып, азаматтар мен түрлі мүдделі топтардың бейбіт жолмен саясатқа араласуына жол ашып, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты күшейтеді.
Сайлау не береді?
Ең алдымен, әкімдерді тікелей сайлау – президенттің шексіз билігін шектеудің ең тиімді жолдарының бірі. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси проблемалардың тамыры саяси жүйенің авторитар болуында жатыр. Саяси биліктің ат төбеліндей топтың қолында шоғырлануы экономикалық игілікті әділ жолмен бөлуді, азаматтардың құқықтар мен бостандықтарын сақтауды, олардың өмір сапасын арттыруды қамтамасыз ете алмайды.
Екіншіден, әкімдерді тұрақты түрде ашық әрі әділ жолмен сайлау азаматтардың саясатқа қызығушылығын оятып, сайлау институтына олардың сенімін күшейтеді. Азаматтар өз өмірінің сапасын арттыруға, елдің болашағына дауыс беру арқылы әсер ете алатынына көзі жеткенде, қоғамдық-саяси өмірдің бақылаушысынан гөрі қатысушысы болуға тырысады. Өз қалтасынан төленген салықтың әрбір тиынын жергілікті билік қалай және қайда жұмсап жатқанын бақылауға ұмтылатын болады.
Үшіншіден, саяси жүйеде бәсеке пайда болып, елде демократияға бетбұрыс күшейеді. Қазақстанның 20 өңірінде облыс және республикалық маңызы бар 3 қаланың әкімдерін сайлауға көшкенде, ұлттық масштабта 20 электоралды саясаткер пайда болады. Сол кезде президент сайлауы қарсаңында «Қазіргі президент болмаса, басқа кім?» деген сұрақты қоюшылардың саны күрт азаяды. Елді бір партияның саяси монополиясынсыз елестететіндердің саны өседі.
Не істемек керек?
- Әкімдерді тікелей сайлау талабы мейнстримге айналуы тиіс. Қоғамдық-саяси дискурста республикалық маңызы бар қала мен облыс әкімдерін тікелей сайлауды талап ету қалыпты тақырыпқа айналуы қажет. Әкімдерді тікелей сайлау конституциялық құқық екенін мейлінше көп азаматқа түсіндіру керек. Ауыл әкімдері мен президентті тікелей сайлайтын қазақстандықтар өз қаласы мен облысының әкімін тікелей сайлауды енгізуді авторитар режимнен бейбіт жолмен талап етуі тиіс. Азаматтық қоғам тарапынан нақты саяси қысым болмай, авторитар режим саяси жүйені өз еркімен өзгертпейді.
- ҚР Конституциясы мен «ҚР президенті туралы» конституциялық заңға, бюджет пен салық туралы, және т.б. заңдарға өзгеріс енгізу. Биліктің децентрализациясы әкімдерді тікелей сайлаумен шектелмейді. Яғни, облыс немесе қала әкімі орталықтан саяси ғана емес, жергілікті бюджетті қалыптастыру және басқару бойынша да тәуелсіз болуы қажет. Сонымен қатар, советтік кезеңнен кейін өзгермеген әкімшілік басқару жүйесін қайта қарастыруға болады.
- Орталық сайлау комиссиясын (ОСК) және аймақтық комиссияларды реформалау. Комиссия мүшелері атқарушы биліктен (президент әкімшілігі, жергілікті әкімдіктер) тәуелсіз азаматтардан тұруы қажет.