Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты әлдекімдердің қолдан ұйымдастырған әрекеті деп есептейді. Бұл туралы ол соттағы соңғы сөзінде айтты деп AtyrauPress хабарлады.
Мен соттың Рысқалиев пен Адамовтың айғақтары бойынша жеке қаулы шығаратынына және нәтижесінде осы «қылмыстық істі»ойдан шығарғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалатынына сенгім келеді. Мені ақтауды сұраймын. Мен қылмыскер емеспін және өзімнің кінәсіздігімді дәлелдеу үшін соңына дейін барамын,
деді Хаменова.
«Балқыту» ЖШС басшысы Адамов соттан жазасын айыппұлмен немесе қоныс коллонясында өтеу түріне жеңілдетуді, отбасылық жағдайын айтып, зейнеткерлік жасын ескеруді өтінді.
Ал, Ақылбек Рысқалиев кәмелетке толмаған төрт баласының барын және бұрын-соңды істі болмағандығын айтып, денсаулығына байланысты ұсынылған медицина құжаттарын назарға алуды сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, алдыңғы отырыста мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова Бақытгүл Хаменоваға мүлкін тәркілеп, жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айыптаушы тарап сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевті жеті жыл, пара берді деп күдікке ілінген жеке компанияның басшысын төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот процесі 2022 жылдың 11 тамызында басталды.
Судья Жұмағали Ташимов сот үкімі 15 қараша күні сағат 10.00-де оқылатынын айтты.