«Коррупциялық билік ұзақ жылдар бойы олигархиялық экономикамен тығыз байланыста болған жүйеде кез-келген журналистік зерттеу қауіпті болады,» дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
– Журналист Михаил Козачковты танымаймын, бірақ оның көптен бері біздің жүйенің жараларын тырнап, бетін ашып жүргенін білемін. Сол журналист кенеттен ұсталған болса, сұрақ туындайды, «Бұл кімге тиімді?» деген.
Жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан байлығының жартысына иелік ететін 162 адам туралы айтты. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтті, бұл тізім бойынша «түгенделген» ешкім жоқ. Әсіресе арасында рейдерлікпен айыпталғандары бар тұңғыш президенттің отбасы мүшелерінен еш сұрау болған жоқ. Неге?
Есесіне тап бір үкімі шығып қойғандай, «рейдерлікпен айналысты» деген айыпты журналистке тақты. «Жаңа Қазақстанның» ескі әдістерін еске түсіретін өте біртүрлі қылық болды бұл.
Кез-келген айыпты тағу үшін алдымен адам құқығын сақтап, әділ, ашық тергеу жүргізу керек. Ал соттар шешім шығарғанда жоғарыдан түскен тапсырмаға емес, заң мен фактілерге ғана жүгінуі тиіс, дейді Сәтпаев.