Екінші курс оқитын кезіміз. Сол кезде әлемдегі ең қымбат, ең аста-төк үйлену тойы болды. Группаластар отырып, соны талқы еттік. Лакшми Митталдың жиені тұрмысқа шығып, үш күн тойлап, 80 млн долларды шашқан еді.
2004 жылы Митталдың өз қызы да тұрмысқа шығып, әлем көрмеген тойды жасады. Тікұшақтар, яхталар, гаухар тастар, зәулім сарайдағы сән-салтанат. Тіпті Барселонадағы мұражайлар бір күн бойы тек тойға келушілерді қабылдап, өзге адамдарды кіргізбеген көрінеді. Тойдың жалғасы Парижде болып, Эйфель мұнарасынан отшашу да ұйымдастырылған.
Неткен қаражат? Неткен байлық? Соның барлығы қайдан келді? Әрине, Митталдың әлем бойынша салған инвестициялық жобаларынан. Лакшми Митталдың әкесі де дәулетті адам еді, кейін ұлына байлығы қалды. Ол әлем бойынша жаппай инвестиция құя бастады. Индонезия, Польша, Чили, Мексика, Украина, Қазақстан…деп кете береді. Бас-аяғы 30-ға жуық ел. Негізгі бағыты сол көмір саласы, тау-кен ісі, мыс кеніштері.
Осы елдердің барлығында Миттал компанияларындағы еңбек талаптарын сақтамау, жұмысшыларға арналған арнайы формамен қамтамасыз ету мәселесі, техникалық қауіпсіздікке жауапкершіліксіз қарау көріністері бар. Талай ел сотқа беріп, іс ашылған.
Біздің еліміздің өзінде АрселорМиттал компаниясы иелік еткен кеніштерде осы уақытқа дейін сан мәрте жарылыс болып, 160-қа жуық адам опат болыпты. Әр апаттан кейін инвестор «бәрін қатырамыз, бәрін керемет етеміз, олқылықтарды жөндейміз» деп келген еді. Бірақ апаттар азаймады, инвестордың ұяты да артпады, жауапкершілігі де көбеймеді. Салдарын көрдік…тағы 46 отбасы қара жамылды, қан жұтты, асыраушысыз қалды. Елімізде тағы Қаралы күн жарияланды.
Бүгін президент Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Дұрыс шешім. Енді Үкімет ырғалып-жырғалмай тез арада келісімді тоқтатып, бұл компанияны және оның басшылығын халықаралық соттарға беруі керек деп санаймын. Қаза тапқандар, жараланғандар үшін үлкен көлемде өтемақы төлету қажет. Митталға қабылданған шешім басқа инвесторларға да сабақ болуы керек. Байлығы мен қаржысы жақсы, бірақ халқын адам санамайтын (жергілікті жұмысшыларға аз ақша төлейтін) инвесторлар көріп, сабақ алуы тиіс.
Айтпақшы, Лакшми – индуизмде байлықтың, молшылық пен берекенің құдайы саналады. Бірақ Қарағанды кеншілері үшін инвестор Лакшмидің компаниясы қайғы-қасірет болды. Жүздеген миллион долларға бала-шағасына, туған-туысына той жасайтын, бірақ өз компаниясындағы жұмысшыларының қауіпсіздігін бір сәтке де ойламайтын мұндай жауапсыз инвестордың барынан жоғы.
Авторы: Асхат Хасенғали