Премьер-министр Әлихан Смайылов видеоконференция байланысы режимінде жеке бизнес өкілдерінің, «Атамекен» ҰКП және орталық мемлекеттік органдар басшылары қатысуымен Отандық кәсіпкерлер кеңесі отырысын өткізді.
Ауыл шаруашылығын реттеу мәселелерін талқылау аясында премьер-министр салалық министрлік жіберілген кемшіліктерге назар аударды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі атқарылып жатқан жұмысты дұрыс түсіндірмейді. Сондықтан кәсіпкерлерде не болып жатқаны туралы қате түсінік қалыптасады. Бидайды шығаруға ешқандай тыйым салынған жоқ! Біз квота түрінде шектеулер енгіздік, бірақ оны әдеттегі экспорт көлемінен жоғары қойдық,
деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан айына шамамен 350 мың тонна астық экспорттап отыр. Квота биылғы қыркүйек айының соңына дейін қолданыстағы экспорттық келісімшарттарды шектемей, азық асын бақылаусыз жаппай шығарудың алдын алуды қамтамасыз ету үшін айына 500 мың тоннадан жоғары деңгейде белгіленді.
оған қоса, Әлихан Смайылов АӨК субсидиялау жүйесін реформалау мәселесін қозғады.
Біз барлық бюджет шығысын олардың тиімділігін арттыру бөлігінде, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қайта қарап жатырмыз. Қаржыны ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ынталандыруға бағыттағымыз келеді. Біз инвестициялық субсидиялар, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені арзандату, оларды одан да қолжетімді еткіміз келеді. Ауыл шаруашылығын қаржыландыруды қысқартқымыз жоқ. Керісінше, оны ұлғайтқымыз келеді. Дегенмен одан экономика үшін, жалпы ел үшін пайда болуы керек. Әрбір бюджеттік теңгенің қайтарымын арттырғымыз келеді,
деді премьер-министр.