30 жыл бойына Қазақстанды жекедара басқарып, «тұрақтылықтың» көкесін көрсеткен Назарбаев тұсында, одан кейін де жүйеміз тұрақты бола қалды ма, деген сауалды ортаға салған қазақтың саясаткері Әміржан Қосанов өз жиған-түйгенімен бөлісіпті.
Сол теорияға салсақ, үкіметінің «тұрақтылығы» бір жарым айға әзер жеткен Ұлыбритания енді быт-шыт боп, тұрақсыздануы керек емес пе? Жоқ!
Мемлекет тұрақтылығы – билік тұрақтылығына байланысты» деген, санамызға әбден сіңіп, ешкім шәк келтіре алмайтын аксиомадан біржолата құтылуымыз қажет, деп бастады саясаткер.
Елдегі ең басты шенеунік (біздегі президентпен пара-пар) орнынан кетсе де, саяси жүйе сол қалпында қалды. Ертең басқа премьер сайланады да, ағылшындар күнделікті өмірін жалғастыра береді.
Дамыған елдерде экономика негізінен жеке меншікте, біздегідей мемлекетке, оның кезекті шешімдеріне байланып қалмаған. Тек қана мемлекеттік бюджеттің ақшасын сорып, «байып» жатқан олигархтар ол жақта жоқ. Бәрін жеке меншік, жеке капитал, жеке мүдде шешеді. Тіпті елдің басшысын өмір бойы көрмей өткен кәсіпкер ұлттық және трансұлттық деңгейдегі бизнес құрып, миллиардер бола алады. Ал бізде болса, мемлекеттік сатып алу мен тендерсіз күнін көре алмайтындар қаншама:
Барлығы дерлік не әкімге, не министрге, не премьерге, не президентке телміріп қалған! Әркімнің өз «крышасы» бар екені ешкімге де жасырын емес қой. Назарбаев тұсында түкірігі жерге түспей, астамсып, шалқып жүргендер Тоқаевтың тұсында нендей мүшкіл хал кешіп қалғанын өз көзімізбен көріп жатырмыз ғой.
Үшіншіден, дамыған елдерде экономика, соның ішінде, халықтың тұрмыс-тірлігінің ахуалы мен саяси шешімдер бір-бірімен тығыз байланысты, екеуі бір-бірінен ажырағысыз, бір-бірінің тағдырын шешіп отырады. Яғни, экономикада болып жатқан кез келген оқыс оқиға міндетті түрде саяси мәнге ие болады.
Трасс басқарған үкімет бірді-екілі екіұдай экономикалық шешім қабылдап еді, экономикалық жағдай күрт төмендеп кетті. Оған қоғам мен оппозиция дүрліге көтеріліп, қарсы шықты.
Бізде болса, дүние астаң-кестең боп кетсе де, қатты айтсам, кешіріңіздер, жұрт қырылып қалса да, үкіметіміз орнынан тапжылмай отыра береді! Өйткені, оның тағдырын шешетін халық, әділ де бәсекелі сайлау емес, бір ғана адам – президент! Сол кісінің тілін тапса, болғаны
Әйтпесе, Лиз ханым өз орнында отыра берер еді ғой. Жоқ, ол саяси жауапкершілікті, соның ішінде сайлау кезінде «электорат» деп аталып жүрген халықтың өзіне наразы екенін сезіп, қызметінен өз еркімен кеткелі жатыр.
Төртінші, тағылымның партиялық астары бар.
Осының алдында, Борис Джонсон партия басшылығынан кеткенде, Трасс ханым өз партияластарымен бәсекеге түсіп, жеңіп шығып еді. Яғни, партия деген жоғарыдан бір адам қалаған (мәселен, бізде «Нұр Отан» партиясына президент ұсынғандай) лидер автоматты түрде «сайлана» қалатын бюрократиялық құрылым емес, ішкі таңдауы мен қалауы бар демократиялық ұйым.
Трастың тағынан таюының бір себебі сол: өзінің партияластары оның жүргізе бастаған саясатына қарсы шығып, министрлік қызметтерінен кетті, яғни ішкіпартиялық бойкот жариялады.
Міне, жанды да шынайы партиялық жүйе осындай болуы тиіс.
Әрине, Ұлыбританиядағы демократияның тарихы бөлек. Және де мен шетелдік тәжірибені айна-қатесіз қайталау керек деп отырған жоқпын.
Менікі «Жаңа Қазақстан құратын ойымыз болса, демократия мектебінен баяғыда-ақ өтіп кеткен осындай озық елдердің жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп, болашақта бүкіл елдің тағдыры бір адамға емес, халықтың қалауына, өркениетті түрде түзілген мемлекеттік және қоғамдық институттарға байланысты болса» деген ой ғана…
депті Әміржан Қосанов.