Блогер Асхат Қасенғали қазақ әйелдеріне арнап ескерткіш орнатуды ұсынды. Айтуынша, қазақ ұлтын аман алып қалған бірінші кезекте қазақ әйелдері.
“Қазақ қызы анау, қазақ қызы мынау”, “қатын бастаған көш оңбайды” (еркек бастаған көш 30 жылда керемет оңып кеткендей) деген сынды сөзді көп айтатындар бар. Бірақ қазақ қыздары мен аналары талай тарихи миссияны орындап тастаған сияқты. Ұлт алдындағы,
деп жазды Асхат Қасенғали.
Блогердің пікірінше, егер 1920-22, 1930-33, 1937-38, 1941-45-тегі қырғыннан шыққан соң, қазақ аналары ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінбегенде, халық саны айтарлықтай өспес еді. Сондықтан қазақ әйеліне бас ию керек.
1955-70 жылдар нағыз беби-бум болды. Жарты ғасыр қырылған халықты демографиялық дағдарыстан 15-20 жылда алып шықты. Қазақ әйелдері алып шықты түсінген адамға. 90-жылдардың тоқырауында біраз еркек сынып кетті. Бірақ аналар сынбады, ала дорба арқалап, 2000-ға дейін сүйреп, бейнет көріп тағы алып шықты. Бірақ оны көп еркек мойындағымыз келмейді. Қазақ әйелдеріне арналған бір мықты ескерткіш көрмедім,
дейді блогер.
Асхат Хасенғали Лондондағы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әйелдерге арналған ескерткіштің суретімен бөлісіп, мағынасын жазды.
Ескерткішті айнала 17 түрлі костюм ілінген. Өрт сөндірушіден бастап егін егушіге дейінгі мамандықтардың арнайы формалары. Сол арқылы ескерткіш авторы соғыс кезінде еркекке тән ауыр жұмысты әйелдер атқарғанын көрсеткісі келген. Ал төменгі жағындағы «Екінші дүниежүзілік соғыстың әйелдері» атты жазуды арнайы тамақ алатын карточкалармен жазған. Қарапайым, бірақ терең мағынаға ие. Былайша айтқанда Ұлыбританияны ағылшын әйелдері аман алып қалды дегенді меңзейді.
Бұлармен салыстырсақ, қазақ әйелдері он есе қиын, ұлт алдындағы сан түрлі миссияны алып шықты ғой,
деп қорытындылады ол.
