Оқу-ағарту министрлігі 25 жылдан астам еңбек өтілі бар ұстаздарға «Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» құрмет белгісін тағайындауды жоспарлап отыр. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы педагогтерді қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша жалақыны көбейту, мұғалімдерді есеп беруден және міндетіне жатпайтын артық функциялардан босату бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазір біз салалық ынталандыру жүйесін бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізуге бастама жасадық,
деді Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова.
«Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» құрмет белгісі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагогтарына беріледі.
Төсбелгіні 25 жылдан астам уақыт бойы ұстаздық еткен мұғалімдер ала алады.
Министрлік ісіне адал, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға зор үлес қосып жүрген мұғалімдерді осылай ынталандырғысы келетінін хабарлады.