Жоғарғы аудит палатасы Мәдениет министрлігінің төсбелгі мен мақтау қағаздарына жұмсайтын шығындарын қысқартуды ұсынды, деп жазады Dalainside арнасы.
Расымен де соңғы жылдары Мәдениет министрлігі той өткізетін агенттікке ұқсап кетті. Кезінде осы саланы атышулы Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарған тұста түсініксіз мерекелер пайда болып, той-думаннан көз ашпай қалғанбыз. Енді осының бәрін тоқтату керек.
Бүгінде мереке кезінде төсбелгі мен атақ таратудан аламан жарыс өтіп жатқандай әсерде қаласың.
Несін айтасыз, Назарбаев жүйесі жұрттың назарын басқа тарапқа бұру үшін жасанды мерекелер мен медальдерді ойлап тауып, жұрттың миын атала қылды.
Дәл осы кезеңде облыс пен ауданның «Құрметті азаматы» деген атақ тойда жыртыс таратылғандай берілетін әдет қалыптасты. Туған жеріне қайырымы жоқ, талай адам «Құрметті азамат» болу үшін әке-көкесін араға салып, қолындағы барын «мәселе шешкіш» көкелерге ойланбастан ұстата салатын күйге түсті. Осындай көк тиындық құны жоқ төсбелгілер халықтың мінез-құлқын бұзып, атақты алу мен беру қып-қызыл саудаға түсті, төсбелгі тағу жемқорлықтың тамырын тереңге жаюына ықпал етті.
Әйтеуір Жоғарғы аудит палатасы алғашқы болып ес жиыпты. Олар Мәдениет және спорт министрлігінен атақ пен медальға жұмсайтын шығындарын қысқартуды талап етіп отыр. Министрлік медаль мен мақтау қағаздарына, иыққа жабатын шапанға жыл сайын 42,2 млн теңге шығындап келген.
Парламенттен осыған ақша сұрай келген министрлік өкілдері 2023-2025 жылға арналған бюджетінде медаль, диплом мен кубок әзірлеуге мемлекет қазынасынан 126,5 млн теңге алуды көздеген.
Жоғарғы аудит палатасының өкілдері мұншама төсбелгі мен кубоктарды алатын мәдени қызметкерлер мен спортшылардың жоқ екенін алға тартып, бұған тоқтау салғандай болды.
Күні кеше Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған Асхат Оралов ойлануы керек. Министрлікті атақ пен медаль тарататын органға айналдырмау маңызды.