Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейінгі брифингте медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты пікір білдірді.
Өздеріңіз білесіздер, МӘМС-ке қатыспаған азаматтарға мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек бар. Жалпы МӘМС-тің өзі бойынша жұмысты бастадық. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы «дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерді қағазбастылықтан тоқтатыңдар» деп айтқан болатын. Бұрын әрбір мекеме 6 келісімшарт жасайтын еді, биылдан бастап оны бір мекеме бір келісімшарт жасайтындай еттік,
деді спикер, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Тамара Дүйсенованың айтуынша, әрбір адамға көрсетілген медициналық көмектің бәрі тексерілетін болады.
Мемлекет басшысы кепілдендірілген сақтандыру пакеттерінен бір пакет жасау керек екенін айтты. Оны қазір бастаймыз. Екіншіден, тарифті көтеру мәселесін де қарастырамыз. Үшінші мәселе азаматтардың қатысуы жөнінде. Қазір қатысуға мүмкіндігі бар, еңбек табысы бар азаматтарды тарту бойынша жергілікті жерлерде жұмыстар басталды. Мүмкіндігі жоқ азаматтарды жергілікті атқарушы органдармен бірге қарастыратын боламыз,
деп жалғастырды ол.
Қазір 15 санатқа жататын 11 млн азаматқа мемлекет төлеп отыр.
Тілші «Біз МӘМС жүйесінен бас тартпаймыз ба?» деп нақтылады.
Жоқ, бас тартпаймыз. Дүние жүзінде МӘМС әрбір емхананы, азаматтарды іздеп шақырып, көмек көрсетуді қарастыруы керек. Ал біз әлі өзіміз іздеп жүрміз,
деді Тамара Дүйсенова.