Мәһрге қымбат көлік сұраған қалыңдықты жігіті тастап кетті: халық наразы

Мұсылмандық неке қию рәсімінде мәһрге қымбат көлік сұраған қалыңдықты жігіті тастап кетті. Бұл туралы этнограф Сая Қасымбек Facebook желісінде жазды. Айтуынша, ол жұптың алдағы үлкен тойына қонақ ретінде шақырылғандардың бірі. Алайда қыздың анасы оған той болмайтынын айтып жылап хабарласқан.

Мисыз қыз

Бүгін тойға дайындалып отырғам. Қыз жағынан баруым керектін. Қыздың шешесі қырық жылғы сыйласым еді. Қыздарым келеді деп бәлішке қамыр ашытып жатсам, звондайды. Еңіреп тұр. Сөйтсем, кеше қыз бен күйеу мешітке некеге тұруға барады. Әлігі махирде қыз қарап отырмай ең қымбат (маркасын айтып еді, ұмытып қалдым) машинаны сұрапты. Өткенде болашақ күйеу баласымен бірге той қамымен жүргенде кездейсоқ ұшырасып қап, бірбеткейлеу жігіт екенін байқап қалғам. Болашақ жары ең қымбат машина сұрағанына шарт еткен күйеу бала үнсіз орнынан тұрып, “той болмайды!” депті де, ешкімге қарамай кетіп қалыпты»,

деп жазды Сая Қасымбек.

Күйеу жігітті қыздың «ойнап айттым» деген ақталуы да тоқтатпады. Бұған ол «Құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес!» деп шорт кесіпті. Екі ортада тойға шашылған шеше еңіреп қалған.

Күйеу жақтағы құдағимен хабарласса «Балам бет бақтырмайды. Біз жақ та да той болмайтынын жарияладық. Баламыз Астанаға кетіп қапты (Астанада жұмыс істейтін). Қызыңыз өзінен көрсін» депті.

Анасы «мисыз қыздың барынан – жоғы» деп қызының бұл тірлігіне ашынып отырған көрінеді. Ел-жұртқа масқара болдым деп күйініп отыр.

Біздің кезімізде еш махер-сахерсіз-ақ неке қиып, пәтер жағалап жүріп-ақ бала туып, үйлі боп ек. Арабтың салтын сонша әспеттегеннен не шықты енді? Тәрбие көрмеген дейін десең, әке-шешесі зиялы жандар. Екі қыз, екі ұлын үйлендірген, жағдайы жақсы, ағайын-туғанға сыйлы, жайқалған әулет. Мисыз қызды қойшы, шешесіне жаным ашып отыр,

дейді Сая Қасымбек.

Жазушының жазбасы жұрт талқысына түсті. Әркім мәһрге не сұрағандарын, не сыйлағандарын есіне алып, жігіт пен қыздың әрекетіне баға берді. Сондай-ақ мәһрдің қазақ салт-дәстүрінде жоқ екенін айтып жатты.

Жігітке обал, керемет қыздан айырылып қалды

Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірінің айтуынша, қыздың әрекеті дұрыс. Ол өзінің бағасын білетін қыз болып тұр. Ал жігіттікі — жауапсыздық.

«Жігіттікі дұрыс емес. Басқа емес Алланың үйінде мұндай қадамға баруы өзімшілдік, мейрімсіз екен. Болашақ әйелі назданып, еркелеп айтқан шығар, алса алар , әпермесе тағы көрер еді ғой, мәселе машинада емес, жігіт сыныққа сылтау іздеген шығар. Ондай тұрақсыз , жауапкершілігі жоқ жаннан қайыр жоқ. Қызды жылатып кетсе өзі де оңа қоймас».

«Жалпы күйеу жігіттікі дұрыс емес! Қыз еш өкінбесін өзін өзі қымбат бағалап тұр, демек мықты әрі таза қыз! Жігіт «дүниені сүйеді» деп ойлаған болуы керек, дүниенің арзан-қымбатында емес, өзін-өзі бағалауында екенін түсінбеген екен! Болашақ балаларының мықты анасынан айрылып қалды, байғұс жігітке обал болды! Бұдан кейін қандай адам жолығарын Құдай білсін!»

«Мәхр дегеніміз енді егер күйеуі жоғалып кетсе сол мәхрге өмір сүре алатындай болу керек қой, алтын жүзік түк болмайды, машина алса соны сатып бизнес бастаса болады, «нормальный» мәхр сұрағаны»

«Мәһір дегенді түсінбеймін, бірақ қыздыкі дұрыс, өзінің бағасын біледі. Жігіт шын сүйсе, сол жерде көніп,оңаша қалғанда түсінісер еді. Бұл жерде жігіт сараңдығын көрсетіп қалды.»

Қызды қолдап пікір жазғандардың дені осындай пікірде.

Ақымақ қыздарды бірден тастап кетіңдер

Басқалары қызды кінәлап, жігіт жаққа шықты. Кейбірі тіпті ауыр сөздер қолданудан да тайынбады.

Ақымақ қызға сол керек. Жап-жас боп сонша дүниеқоңыз болар ма?! Қалыңдықтарың мәхір-сәхірге солай ауыздарын арандай ашса, алдын-ала өздеріңмен ақылдаспай, неке қию сәтінде «косякқа» тыққысы келсе, сол сәтте тастап кетіңдер, жігіттер! Ондай ақымақ, дүниебоқ қыздан дер кезінде құтылған дұрыс…

деп жазды қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы.

Ал заңгер Ляззат Ахатова жігіттің әрекеті дұрыс деген баға берді.

Ойпырай, қазіргі қыздар шетінен материалист па, не пәле? Маһр деген қайдан шықты? Жігіт бірбеткей болғанмен, ақылы бар сияқты. Өмір бойы ақымақ әйелге қор болғанша, арада бала болмай тұрғанда, құтылайын деген шығар. Әке-шешесіне қандай қиын. Алла сабыр берсін. “Бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер” деп, осындайда күйгеннен айтқан ғой.

Заңгердің бұл сөзіне Желі қолданушыларының көбі қосылды.

«Бұл мәхір деген менің ойымша ер жігіттің болашақ жарына беретін сыйлығы. Бұл қалың мал емес. Сондықтан мәхірге өте қымбат дүние сұраған қыз бала ер азаматты уәдемен өзіне өмір бойы қарыздар етеді. Мәхірді бере алмаған жігіт Алланың алдында берген уәдесін орындамай, күнаға батқан болып есептелінеді. Сондықтан мәхірге өте қымбат дүние сұраған орынсыз. Мұндай келте ойлайтын жар алған жігіттің күні қараң деп ойлаймын. Сондықтан дер кезінде құтылғаны дұрыс болған. Дені сау болса отбасын құрғаннан кейін машинаның неше түрін ала береді ғой. Қыз балалардың дүние құмар болғаны дұрыс емес. Өздеріңіз ойланып көріңіздер егер ер азамат өмір бойы машина алуға жағдайы келмесе, қалай болады? Сол берген уәдесінің құрбаны болып, өмір бойы өкініп өте ме? Тұрмысқа шығу ойыншық емес. Осыны түсінген абзал»

Мәһр деген не пәле?

Ал басқа жұрт бұл үрдістің қазақ салт-дәстүріне еш қатысы жоғын айтып жатты. Кейбірі тіпті ислам заңы жастардың ажырасуына себеп болып жатыр деп күйінді.

«Қыздың топас болғанына енді Исламның салты кінәлі болып қалды ма?», «Махр-пахр демей, осыны қалыңмал деп қазақ атам әдемі айтқан», «Шынымен махр деген бұрын-соңды болмаған жағдай еді. Кірме салттар пәле болады ғой. Менің айтарым, қызға сауап болған, ондай қатынның барынан жоғы», «Қазақта жоқ болған, арабқұлдардың шығарғандары. Ата-бабадан қалған өзіміздің салт-дәстүріміз жеткілікті ғой. Соны ұстанса да жеткілікті. Махир деген не пәле?», «Махр дегенді енді естіп жатырмыз. Махрсыз-ақ қазақтар атам заманнан отау құрып, үй болды. Өз салт дәстүріміз қайда қалды сонда?!»

деп жазды әлеуметтік желілердегі қазақ аудиториясы.

Автор Сая Қасымбек одан кейін оқиғаның қалай өрбігенін жазды. Айтуынша, жігіт онсыз да қалыңдыққа Бодрумнан үй сыйламақ болған. Сондықтан қыздарға мәһрге жөнсіз дүние сұрамай, жақсы жігіт болса «тиіп» алуға кеңес берді.

Қыздарым-ау, әлігі махр дегенге жөнсіз дүние сұрамай-ақ, жігіт жақсы екенін көрсең тиіп алсаңдаршы. Саналы жігіт өзі-ақ отбасы жүгін мойнына алады. Жас кезінде қиналғанымен, уақыт өте байып, шалқып жүрген қаншама тату отбасылар бар десеңші! Солардан неге өнеге алмасқа? Өмірдің ащы-тұщысын бір кешкен жұп, рақатын да бірге кешеді ғой. Қызының еркелігі желкесінен шыққан шешесі инфаркт боп, реанимациядан бір-ақ шығыпты. Кетіп қалған жігіт Бодрумнан үй сатып алып, той күні қалыңдыққа сюрприз жасағалы отыр екен. “И так все мое — ее. Көре тұра намысымды таптады” деп, бетқаратпай жатыр екен. Өзімнің де бойдағым бар болған соң, анау-мынау деп те айта алмайсың. Қиын… Өмір — миллиондаған қателіктердің жиынтығы ғой. Жастар орынсыз қателікке ұрынып қалмаса деген ой ғана… Осы махр дегенді тоқтату керек-ау?..

деп жазды Сая Қасымбек.

Мәһірдің мөлшері бар

Ал бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз-хатшысы Ағабек Қонарбайұлы осы мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп, мәһірдің мөлшері жайында мүфтият 2018 жылы пәтуа қабылдағанын ескертті. Соған сәйкес, Ханафи мазһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам (1295 тг шамасында).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он дирхамнан азы мәһір емес», – деген. Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. Мәһірдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін,

делінген fatua.kz сайтында.

Сондай-ақ, дін өкілі әлеуметтік желіде талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдірді. Оның пікірінше, бұл, өкінішке қарай, қыз тәрбиесін жіберіп алғанымыздың бір көрінісі. Екіншіден, жігіттің өз эмоциясын басқара алмауы. Әйтпесе, имамдар неке қию рәсімінде мәһір сұраған кезде жігіттің жағдайын ескеру қажеттігін айтып-ақ келеді… Бұл мәселеге қатысты қабылданған пәтуа үкімінде осы жайт ескерілген.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

1 день ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

2 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

3 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

3 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

3 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

5 дней ago