Күллі әлем көз тіккен футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының финалында Аргентина құрамасы топ жарды. Франция мен Аргентина арасындағы ақтық кездесу 3:3 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.
Аргентина бірінші таймда 2 гол соғып, 80-минутқа дейін осы есепті ұстап тұрған. Бірақ 80, 81-минутта Килиан Мбаппе қос гол соғып, есепті теңестірді. Ойынға қосылған қосымша уақытта қос құрама тағы бір-бір голдан соқты. Ал пенальти сериясында Аргентинаның жолы болды. Сериядағы есеп – 4:2.
Гол соққандар: Месси 23 (1:0), Ди Мария 36 (2:0), Мбаппе 80 (2:1), Мбаппе 81 (2:2), Месси 109 (3:2), Мбаппе 118 (3:3).
Бұдан артық PR бар ма?
Әлеуметтік желілерде қазақ блогерлері матчқа қатысты өз ойларын білдіріп жатты.
«Қандай ғажап финал, қандай ғажап ойын! Бәрін көрдік.
Месси футбол тарихындағы феномен ретінде тарихқа енетін жеңіс болды бұл. Францияға жанкүйер болғандардың өздері Месси үшін шын қуанатын күн. Тарих, арман орындалып, мақсатқа жеткен күн. Мессидің карьерасы футбол тарихында ғана емес, адамзат тарихында сондай жылы болып қалмақ. Футбол әлемінде қандай жүлде болса, соның бәрі бір Мессиге бұйырды. Чемпиондар лигасы, Испания, Франция чемпионы, Америка кубогы, Алтын доп, әлем кубогының бәрі Месси де бар.
Бір адамның таланты, еңбегі жанкештілігі өзін ғана емес бір елді де пұшпаққа шығармақ. Әлем Аргентинаны тангосы мен футболдан біледі. Марадона, енді міне Месси Аргентинадай елдің атағын асқақтатты. Бұдан артық PR, бұдан артық жарнама керек пе?
Футбол да тарихты әділ жазды ма деймін. 2018 жылы Францияны ешкім тоқтата алмайтындай еді, бірақ бұл жолы сүрініп тұрған Аргентинаны тоқтату қиын еді. Алғашқы матчта Сауд Арабиясынан жеңіліп қалғанда «ойбуу, мына түрімен Аргентина ұзаққа бармас» дегендердің бірі мен едім, жоқ Аргентина тез ес жиды. Одан кейінгі Месси бастаған құраманы тоқтату мүмкін емес еді. Команда деген осындай болса керек.
Биыл әлем кубогында қай ел чемпион болса сол елге барам деген едім, сол мақсатты орындау бұйырсын. Аргентина туралы Аргентинада жүріп пост жазғым келеді», — деп жазды журналист Руслан Меделбек.
Тележүргізуші Асхат Садырбайдың айтуынша да финал өте керемет болды.
«Төрт жылда бір өтетін Әлем чемпионаты керемет аяқталды. Мессиден бұрын Аргентина құрамасының ойыны-таза еңбек. Шебер ойнады. Келесі чемпионатта Мессиді көрмейміз.
Франция құрамасы да финалға лайық ойын көрсетті. Мбаппе өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Пенальтиде әттеген-айлар болды. Мессидің қандай ойыншы екенін бәріміз білеміз. Көбіміз іштей Франция құрамасын сүйреген Мбаппеге жақ боп отырдық.
Бұл да бір тарих. Футбол тарихының кітабы 2022 жылдың жаңа деректерімен толыға түсті», — деп жазды Асхат Садырбай.
Назерке Куесова есімді блогер де Месси үшін қуанышты екенін жеткізді.
«Керемет ойын болды! Аргентина — әлем чемпионы атанды!
Мен бұрыннан Мессидің жанкүйерімін! Тіпті бір жылдары оның ойынын көру үшін арнайы Барселонаға барған едім. Жуырда сол Месси ойнаған «Камп Ноу» стадионында оның статуясын орнату туралы шешім қабылданды!
Қуанышымда шек жоқ! Қазақ елінен де осындай әлем сүйсінер футболшылар шықсын деп тілеймін!», — деп жазды ол.
Команданың жемісі
Ал осы финалдың басты жұлдызы Лионель Месси жеңістен кейін Instagram парақшасында барлық жанкүйерлеріне алғысын жеткізді.
«Қанша уақыт армандадым, тіпті сене алмаймын. Менің отбасыма, мені қолдайтындарға және бізге сенгендерге көп рақмет. Біз, аргентиналықтар, бірігіп шайқассақ, бәріне қол жеткізе алатынымызды дәлелдедік. Бұл — барша аргентиналықтың арманы үшін күрескен команданың жемісі. Біздің қолымыздан келді!»,
деді Месси Instagram-парақшасында.