Жаппай наразылық шерулері кезінде Ұлан-Баторда көмір ұрлығына қатысы бар деген сегіз күдіктінің ұсталғаны хабарланды.
Атап айтқанда, «Эрдэнэс Таван-Толгой» мемлекеттік көмір өндіру және экспорттау компаниясының бұрынғы басшысы Баттулғын Ганхуяг қамауға алынды. Оның бірқатар туыстары мен ықпалды бизнесмендері де ұсталды, олардың ішінде Khishig Arvin Industrial тау-кен компаниясының басшылығы да бар. Бұл туралы Моңғолияның Әділет және ішкі істер министрі мәлімдеді.
Олардың үйі мен жұмыс орнында тінту жүргізілді.
Жалпы бұл іске 40-қа жуық адам күдікті ретінде танылып отыр.
Ал Моңғолия астанасының орталығындағы наразылық шерулері тоқтамай тұр. Бүгін олардың эпицентрінде, Сүхбаатар алаңында басқа облыстардан келген атқа мінген шабандоздар пайда болды. Бірнеше жүздеген адам қатысқан акция бейбіт түрде өтіп жатыр.