Көрші елдер елге ақша әкелетін инвесторларға тұруға ықтиярхат пен азаматтықты алуға жеңілдіктер жасап жатқанда, Қазақстан, керісінше, бұл талапты күшейтпек. Енді азаматтық алғысы келетіндер қазақ тілін, тарих негіздерін және ұлттық заңнаманы қаншалықты білетінін дәлелдейтін болады.
Қазақстан Парламенті төлқұжат алғысы келетін үміткерлерге қойылатын талаптарды қатаңдататын заңға түзетулер әзірледі. Бұл депутаттардың ресейліктердің елге ағылуына алаңдап, Парламентке 5 қазанда жіберген өтінішіне орай қарастырылып отыр.
Депутаттардың сауалынан туындаған
5 қазанда бір топ депутат Үкіметке депутаттық сауал жолдап, бүгінде елімізде 350 мың ресей азаматы тұрақты тұрып жатқанын алға тартқан. Осыған орай, депутаттар:
- біріншіден, көшіп келушілердің Қазақстанда қалуға ниет білдірген азаматтары үшін қалалар мен елді мекендерде бейімдеу орталықтарын ашып, оларға Қазақстан тарихымен, мәдениеті мен тұрмыс-салтымен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен таныстыру; Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын түсіндіріп, құқықтық кеңес беру; қазақ тілі курстарын ашу және әрбір көшіп келген шетел азаматын бейімдеу орталығынан өтуді міндеттеу;
- екіншіден, әрбір қоныс аударушының қос азаматтық фактісі бойынша тексеру және нәтижесі бойынша тиесілі құқықтық шара қолдану;
- үшіншіден, ақпараттық қауіпсіздікті қатаң бақылап, яғни, әлеуметтік желілерге, келушілердің чаттарына контент сараптама (Facebook, Tik-Tok, Telegram, Instagramm, Vkontakte и т. б.) мен мониторинг жүргізіп, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін және мемлекетіміздің жер тұтастығына, тәуелсіздігімізге күмән келтіретін жазбалардың авторларын ерекше қадағалауға алып, ондай іріткі салушыларды қатаң жауапкершілікке тартып, оларды елден шұғыл аластатуды ұсынды.
Ресейліктер ағыны азайды
Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов депутаттардың сауалын жерге қалдырмай, ресми жауап дайындады. Республикаға Ресей азаматтарының көші-қоны жағдайын реттеу мақсатында Үкімет көші-қон мәселелері бойынша төрт кеңес өткізгенін хабарлады. Кеңес қорытындысы бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданып, уәкілетті мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді, делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ, Смайылов биылғы қазан айында алдыңғы аймен салыстырғанда ресейліктер 65%-ға аз келгенін және күн сайынғы теріс сальдо орташа есеппен 1,6 мың адамды құрап отырғанын жеткізді. Күн сайын келетін РФ-ның азаматтарының саны мемлекеттік шекарадан өтудің орташа әдеттігі деңгейіне оралған.
Ал Қазақстанда қалғысы келетін азаматтар үшін бейімдеу орталықтарын ашуға қатысты, премьердің айтуынша, елімізде мемлекеттік тілді, қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін үйренгісі келетіндер үшін 40 Достық үйінде жұмыс істейді, 174 жексенбілік мектепте мемлекеттік тілді тегін үйренуге жағдай жасалған, онда мемлекеттік тілді үйренумен қатар, қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпымен таныстыру ісшаралары өткізіледі. Мигранттар мемлекеттік тілді әкімдіктер жанындағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталықтарының базасында да үйрене алады.
«Халықтың көші-қоны туралы» Заңында көшіп келушілерге қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында ақылы бейімдеу және интеграциялық қызметтер алу құқығын беретін норма қарастырылған.
«Қоныс аударушылардың қос азаматтығын тексеруге және құқықтық шаралар қабылдауға» қатысты сауалға жауап берген үкімет басшысы, қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға
мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленгенін айтты.
Аталған заңнамалық бастамалар Парламент депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне Үкімет қорытындысының жобасына енгізілді.
Ал депутаттардың ақпараттық қауіпсіздіктің сақталуына қатысты сауалы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қазір белсенді жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Сепаратистік және ұлтаралық алауыздықты туғызатын сөздер мен жарияланымдарды анықтау және бұғаттау тұрғысында 3 БАҚ, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерге тұрақты негізде мониторинг жүргізіліп жатыр. Анықталған фактілер бойынша интернет-ресурстар иелерінің атына 231 ескерту хаты жіберілді, 11 ұйғарым шығарылды. Интернет-ресурстардың иелері 200-ден астам заңсыз материалды өз бетінше алып тастады.
Жалпы Үкімет көші-қон дағдарысын болдырмау және елдің ұлттық мүдделерін қорғау жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауда, деп қорытындылады Әлихан Смайылов.