Статистика бойынша, Алматыда мобильді көліктер қатысуы арқылы болатын жол-көлік оқиғасы 4 есе артты. Бұл туралы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
Көктем, жаз кезінде Алматы полициясы жекелеген көлік түрлері қозғалысын қадағалауды күшейтеді. Бұл қаладағы жол-көлік оқиғаларына да әсер етеді. Мәселе альтернативті көлік туралы болып отыр, оның ішіне мопед, мотоцикл, скутер, самокат және тағы басқалары кіреді.
Жазғы кезеңнің басталуымен мопедтер мен электросамокаттарды тізгіндеушілер саны артты. Соның салдарынан олардың қатысуымен болатын ЖҚЕ бұзу саны да көбейді. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, мобильді көлік қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары саны 4 есе артқан. Баламалы көлік түрін пайдаланатын адамдардың ҚР ЖҚЕ бұзу деректерін анықтау бойынша жұмыс күшейтілді. Мәселен, алдын алу іс-шарасының бір күнінде алдыңғы шептегі бөлімшелер, мопед жүргізушілері жасаған ҚР ЖҚЕ бұзудың 114 дерегін анықтады. Құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 615-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 698 мың 364 теңге болды,
деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығы Ержан Ұзабаев.
Спикердің айтуынша, биылғы жылдың 6 айында Алматыда мопедтер мен электросамокаттардың қатысуымен 77 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 81 адам жарақат алған. Бір адам қайтыс болды. Самокат пен скутерде балалардың қатысуымен 21 ЖКО тіркеліп, салдарынан 23 бала жарақат алды.