Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті музыкатанушы, филолог, профессор Наум Шафер 91 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Facebook-парақшасына жазды.
Аңыз адам дүниеден өтті. Онымен бірге бүкіл дәуір қоса кетті. Біз даналықты, өмірге, адамдарға, музыкаға деген сүйіспеншілікті үйрететін адамнан айырылдық. Қымбатты Наум Григорьевич, бақұл болыңыз! Сізді жадымызда мәңгі сақтаймыз. Наум Григорьевич Шафердің туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтамын,
деп жазды Әбілқайыр Сқақов.
Кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев профессор Наум Шафердің туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті музыкатанушы, филолог, профессор Наум Григорьевич Шафердің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.
Наум Григорьевич үлкен өмір жолынан өтті. Артына бірегей әдеби-музыкалық мұра қалдырды. Шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Ол бүкіл саналы ғұмырын мыңдаған музыкалық шығарма мен кітапты, соның ішінде қазақ халық әуендерінің жазбаларын жинауға арнады. Наум Григорьевичтің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады,
делінген жеделхатта.